+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Құрылтай сайлауы – азаматтық белсенділіктің маңызды көрінісі

Еңбекшіқазақ ауданында жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара өткізілді. Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кездесулер мен акциялар барысында жастардың құқықтық сауатын арттыру, патриоттық сезімін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдық бастамаларға қатысуы мәселелеріне басымдық берілді.

Аудан жастары арасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Сен өз құқығыңды білесің бе?» тақырыбындағы кездесулерде жастарға өз құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Ал «Жемқорлыққа қарсымыз!» атты ақпараттық жұмыстар барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызы айтылды.

Аталған кездесулер Құрылтай сайлауы аясындағы азаматтық жауапкершілік мәселелерімен де сабақтастырылды. Жастарға қоғамдық өмірге белсенді араласудың, өз таңдауына жауапкершілікпен қараудың және елдің болашағына қатысты мәселелерге бейжай қарамаудың маңызы түсіндірілді.

Құрылтай сайлауы жастардың азаматтық ұстанымын білдіруіне және қоғамдық мәселелерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берген маңызды кезеңдердің бірі болды. Осы ретте жастар арасында жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары олардың қоғамдық-саяси сауатын арттыруға ықпал етті.

Аудан жастары патриоттық бағыттағы іс-шараларға да белсенді қатысты. Есік қаласында өткен «Отанды сүю – жүректен» атты кездесуде Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге қызмет ету және мемлекеттік құндылықтарды құрметтеу туралы пікірлер айтылды. Жастар өз ойларын ортаға салып, ел болашағына қатысты көзқарастарымен бөлісті.

Сонымен қатар жастар арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қыздар арасында волейболдан турнир, футболдан жолдастық кездесу және шахмат ойыны өткізіліп, оған аудан жастары белсенді қатысты. Бұл шаралар жастардың салауатты өмір салтын ұстануына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасады.

Жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту бағытында да жұмыстар жүргізілді. «JOL TAP» жобасы аясында жұмыссыз жастардың мәселелері қарастырылып, оларды жұмысқа орналастыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында жастарға кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері түсіндірілді.

Аудан жастары экологиялық акцияларға да белсенді араласты. «Таза табиғат – таза ұрпақ», «Жасыл мекен – жарқын өмір» және «Эко сана – ел болашағы» атты акциялар барысында жастар қоршаған ортаны қорғау, туған жерді таза ұстау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарды.

Жалпы, Еңбекшіқазақ ауданында өткізілген іс-шаралар жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, құқықтық сауатын көтеруге және қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етті. Құрылтай сайлауы барысында да жастар өздерінің азаматтық жауапкершілігін танытып, ел болашағына қатысты маңызды қоғамдық үдеріске қызығушылық білдірді.

Белсенді, білімді және жауапты жастардың қалыптасуы – ел дамуының маңызды негізі. Осы бағытта аудан көлемінде жүргізілген жұмыстар жастардың қоғамдағы рөлін арттыруға және олардың ел болашағына деген жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік берді.

Жастар ресурстық орталыңының жетекшісі Әбіт Айжан