+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Жастар – ел болашағының белсенді күші

Еңбекшіқазақ ауданында жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, құқықтық сауаттылығын қалыптастыру және ел болашағына деген жауапкершілігін күшейту бағытында бірқатар маңызды іс-шаралар өткізілді. Аталған жұмыстар жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталды.

Тамыз айында ауданның жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастарға ақпарат» жобасы аясында бірқатар ауылдық округтерде ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кездесулер барысында жастарға қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ақпарат беріліп, олардың азаматтық құқықтары мен міндеттері түсіндірілді.

Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Сен өз құқығыңды білесің бе?» және «Жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыптарында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Жастарға заң талаптарын сақтау, өз құқықтарын білу, қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы айтылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар Құрылтай сайлауы қарсаңында да өзекті болды. Жастарға қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысудың, өз азаматтық ұстанымын қалыптастырудың және ел болашағына қатысты мәселелерге жауапкершілікпен қараудың маңызы түсіндірілді.

Есік қаласында «Отанды сүю – жүректен» тақырыбында жастармен кездесу өткізіліп, онда патриотизм, елге қызмет ету, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және азаматтық жауапкершілік мәселелері сөз болды. Кездесуге қатысқан жастар өз ойларын ортаға салып, елдің болашағына қатысты пікірлерімен бөлісті.

Ауданда жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорттық және мәдени іс-шаралар да өткізілді. Қыздар арасында волейболдан турнир, футболдан жолдастық кездесу, шахмат ойыны ұйымдастырылып, жастар белсенділік танытты. Спорттық шаралар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жастардың бірлігін нығайтуға ықпал етті.

Жастардың әлеуметтік және экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында «JOL TAP» жобасы аясында жұмыссыз жастармен жұмыс жүргізілді. Жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің түлектері анықталып, оларды жұмыспен қамту мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ «Жас кәсіпкер» жобасы аясында NEET санатындағы, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастармен кездесулер өткізіліп, кәсіпкерлік мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді.

Экологиялық бағыттағы акцияларға да жастар белсенді қатысты. «Таза табиғат – таза ұрпақ», «Жасыл мекен – жарқын өмір», «Эко сана – ел болашағы» атты шаралар барысында жастар қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкенің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.

Өткізілген іс-шаралар жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік берді. Құрылтай сайлауы кезеңінде де жастардың азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігі маңызды рөл атқарып, олардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.

Жастардың құқықтық сауатын арттыру, патриоттық тәрбиесін күшейту, жұмыспен қамту және қоғамдық бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыстар аудан көлемінде жүйелі түрде жүргізілді. Бұл бастамалар жастардың белсенді азамат ретінде қалыптасуына және қоғам дамуына өз үлесін қосуына ықпал етті.

Жастар ресурстық орталыңының жетекшісі Әбіт Айжан