
«Әділет» партиясы медициналық көмекті ауыл тұрғындарына жақындатуды ұсынады
«Әділет» партиясының Алматы облыстық сайлауалды штабы Еңбекшіқазақ ауданының Космос ауылында тұрғындармен жүздесті.
Кездесуде дәрігерге қаралу, ауруды ерте анықтау, аудандық медицинаның мүмкіндігін арттыру және ауылдарға мамандар тарту мәселелері сөз болды.
Партия бағдарламасында әр ауданда кемінде бір инвазиясыз диагностика орталығын ашу көзделген. Тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жасатып, ЭКГ мен қан қысымын тәулік бойы бақылау қызметін пайдалана алады.
Сондай-ақ еліміздің әр ауданында оңалту қызметіне қолжетімділікті арттыру ұсынылған. Ауылдарға білікті дәрігерлерді тұрақтандыру үшін қызметтік баспана, әлеуметтік пакет, көтермеақы және ынталандыру төлемдерін беру қарастырылып отыр.
Ауыл тұрғындарының 97 пайызын интернетпен қамту телемедицина қызметтерін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.
Жиын соңында тұрғындар ауыл медицинасына қатысты ұсыныстарын білдіріп, алдағы сайлауға белсенді қатысатынын айтты.
