+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

«Әділет» партиясы ауыл мектептерін әдістемелік қолдауды күшейтуді көздейді

«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Шелек ауылындағы Кежебаев атындағы мектеп ұжымымен кездесті. Жүздесуге Құрылтай депутаттығына кандидат Дауталиев Қазыбек Нұрсейітұлы қатысты.

Кездесуде ауыл мектептеріндегі білім сапасы, білікті педагогтерді тарту, мұғалімдердің кәсіби дамуына жағдай жасау және оқушылардың заманауи білім алу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.

Партияның сайлауалды бағдарламасында білікті мұғалімдерді ауылдар мен шалғай аудандарға тартуға арналған арнайы бағдарламаларды іске асыру ұсынылған. Сонымен қатар Ұлттық тірек ауыл мектептері желісін қалыптастырып, шағын жинақты мектептерге тұрақты әдістемелік қолдау көрсету көзделген.

Ауыл балаларының ағылшын тілін меңгеру мүмкіндігін арттыру мақсатында «English ауылда» бағдарламасын іске қосу ұсынылады. Жобаға еріктілер, онлайн тәлімгерлер, педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері және халықаралық серіктестер тартылмақ.

Бұдан бөлек, ауыл мектептерінде математика мен физиканы оқыту сапасын арттырып, оқушыларды инженерлік және техникалық мамандықтарға ерте бейімдеуге басымдық беріледі.

Кездесу барысында педагогтер ауыл мектептерінің жағдайына қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, білім сапасын арттыруға бағытталған бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

Ауыл мектебінің дамуы – ауыл баласының болашағына жасалған маңызды қадам. Әр балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беру – партияның негізгі басымдықтарының бірі.

Кездесу соңында педагогтер алдағы сайлауға белсенді қатысатынын жеткізді.