
Жаңа мүмкіндіктер алаңы
Халықаралық жастар күніне орай ауданымызда «JASTAR ALANY – жаңа мүмкіндіктер мекені» атты этнофорум ұйымдастырылды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында өткен мазмұнды шараны аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Этнофорум Түрген ауылдық округіне қарасты көрікті Түрген шатқалындағы «Түрген сай» демалыс орнында өтті. Табиғаты әсем мекенде ұйымдастырылған шара жастардың басын қосып, олардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа достық байланыстар орнатуына және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік берді.
Форумға Есік қаласы мен ауданның ауылдық округтеріндегі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар, студенттер, белсенді жастар және түрлі салада қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүрген жас буын өкілдері қатысты.
Шараның ашылуында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айжан Әбіт пен облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мади Ахметов сөз сөйлеп, жастарды құттықтады. Өз сөздерінде жастардың қоғамдағы орнына, олардың бастамалары мен шығармашылық әлеуетін қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды. Белсенді жастарға дипломдар мен алғыс хаттар беріліп, олардың еңбегі мен бастамалары аталып өтті.
Этнофорумның басты мақсаты – жас-тар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді насихаттау, қоғамдық белсенділікті арттыру, сондай-ақ жас буынның шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін дамыту. Осы мақсатқа сай форум бағдарламасы ұлттық мәдениет пен заманауи жастардың қызығушылығын ұштастыра отырып құрылды.
Шара барысында қатысушылар ұлттық ойындар мен спорттық жарыстарға қатысып, өздерінің ептіліктері мен командалық қабілеттерін сынады. Сондай-ақ арнайы этноауыл құрылып, онда қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін танытатын көріністер ұсынылды. Қолөнер көрмесінде ұлттық нақыштағы бұйымдар көпшілік назарына ұсынылса, ұлттық тағамдар таныс-тырылымы қазақтың дәстүрлі ас мәзірімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, қатысушыларға түрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, шығармашылық бағдарламалар ұсынылды.
Этнофорум барысында жастар тек мәдени шараларға қатысып қана қоймай, өзара пікір алмасып, жаңа идеяларымен бөлісті. Әр ауылдық округтен келген белсенді жастардың басын қосқан бұл кездесу олардың қоғамдық бастамаларын қолдауға және жастар арасында ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты.
Бүгінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыру, қоғамдық белсенділігін арттыру және шығармашылық әлеуетін дамыту маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, «JASTAR ALANY – жаңа мүмкіндіктер мекені» этнофорумы мазмұнды шара ғана емес, жастардың жаңа мүмкіндіктерін ашуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Табиғат аясында өткен этнофорум жастардың бірлігін бекемдеп, ұлттық рухты көтеруге, салт-дәстүрді дәріптеуге және белсенді жастардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Жастардың көтеріңкі көңіл-күйі мен белсенділігі шараның жоғары деңгейде өткенін көрсетті. Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері табиғат аясын әуезді әнге бөледі.
«JASTAR ALANY» – жастардың басын біріктіріп, ұлттық болмысты жаңғыртуға, шығармашылық бастамаларды қолдауға және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктер алаңы ретінде өз мақсатына жетті.
Ринат НАРХАНОВ.
