
Тазалықтан жауапкершілікке дейін
Түрген – табиғаты көркем, жасыл желегі мен табиғи ландшафты үйлесім тапқан елді мекендердің бірі. Осындай табиғи ортаның тазалығы мен көркін сақтау – ауыл тұрғындарының ортақ міндеті. Себебі туған жердің табиғаты қаншалықты таза әрі көрікті болса, тұрғындардың өмір сүру сапасы да соншалықты жоғары болады.
Түрген ауылдық округінде елді мекеннің тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Күнделікті қоғамдық қызметкерлер ауыл аумағындағы көшелерді қоқыстан тазартып, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді. Түрген ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясы аясында тазалық жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарына қоршаған ортаны таза ұстау және қоқысты белгіленбеген орындарға тастамау жөнінде түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырады.
Атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымын нақты көрсеткіштерден де байқауға болады. Бүгінде ауылдық округ аумағынан күнделікті шамамен 10 тоннаға жуық қоқыс шығарылса, осы күнге дейін жалпы 2 000 тонна қоқыс шығарылған. Бұл – ауыл аумағының тазалығын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың көлемін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Сонымен қатар, Түрген шатқалына келетін қонақтар мен демалушылар арасында қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған түсіндіру және алдын алу жұмыстары да жүргізіледі. Табиғи аумақтың тазалығын сақтау мақсатында келушілерге арнайы қоқыс қаптары мен қолғаптар таратылып, демалыс орындарында тазалықты сақтауға шақырылады.
Бұл бастаманың басты мақсаты – табиғи аймақтың тазалығын қамтамасыз ету ғана емес, тұрғындар мен туристердің экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндеу.
Тазалық жұмыстары тек қоқысты жинап, шығарып тастаумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті күнделікті өмір салтына айналдыру.
«Таза бейсенбі» акциясы аясында жүргізілетін жұмыстар ауыл тұрғындарын тазалыққа үндеп қана қоймай, туған жерге жанашырлықпен қарауға шақырады. Әрбір азамат өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қараса, ауылдың жалпы көркі де арта түседі.
Экологиялық мәдениет – қоғамның өркениеттілігінің көрсеткіші. Сондықтан Түрген ауылдық округіндегі тазалық жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруға да оң ықпал етеді.
Бинұр ӘУБӘКІРОВА,
Түрген ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.
