+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Сайлау күні – еңбекке жол ашқан жәрмеңке

Бүгін Елімізде маңызды саяси науқан – Құрылтай сайлауы өтіп жатқан күні Есік қаласындағы Тұманбай Молдағалиев атындағы мәдениет үйінің алаңында еңбек нарығына бағытталған іс-шара ұйымдастырылды.

Еңбекшіқазақ ауданының Мансап орталығының бастамасымен өткен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бір алаңда тоғыстырды. Жәрмеңкенің басты мақсаты – аудан тұрғындарына қолжетімді жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынып, азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасау.

Іс-шара барысында жұмыс іздеушілер аудан аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындар ұсынған бос жұмыс орындарымен танысып, жұмыс берушілердің өкілдерімен тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар еңбек қатынастарына қатысты кеңестер беріліп, жұмысқа орналасудың жолдары түсіндірілді.

Мұндай жәрмеңкелердің азаматтарға берері мол. Себебі жұмыс іздеуші өзіне қажетті ақпаратты бір жерден алып қана қоймай, нақты жұмыс берушімен жүздесіп, кәсіби мүмкіндігін таныстыра алады. Ал кәсіпорындар үшін білікті мамандарды тауып, кадрлық қажеттілігін өтеуге жол ашылады.

Еңбек – елдің экономикалық әлеуетін арттыратын негізгі күш. Сондықтан халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалану – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

Құрылтай сайлауы өтіп жатқан айтулы күнде Есік қаласының орталығында ұйымдастырылған еңбек жәрмеңкесі де тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты бастамалардың бірі болды. Ел болашағын айқындайтын саяси үдерістермен қатар, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған осындай игі шаралардың да маңызы зор.

Жәрмеңкеге қатысқан азаматтар өздерін қызықтырған бос жұмыс орындары бойынша мәлімет алып, еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді. Бұл бастама жұмыс іздеген жандарға жаңа мүмкіндік ұсынып, аудан тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына септігін тигізері сөзсіз.