
Ел болашағы үшін – бір сапта
Бүгінгі маңызды науқанға бірі отбасымен бірге келсе, енді бірі жалғыз өзі ат ізін бұрып, азаматтық міндетін атқарады. Ал еңбек ұжымының бірдей сап түзеп, ортақ ниетпен сайлау учаскесіне келуі – елдік іске деген ұйымшылдықтың өзіндік көрінісі.

Бүгін Еңбекшіқазақ ауданындағы №125 сайлау учаскесінде осындай көріністің куәсі болдық. Аудандық аурухананың медицина қызметкерлері мен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның мамандары дауыс беруге келді.
Күнделікті қызметінде бірі адам өмірі мен денсаулығына жауап берсе, енді бірі елді мекендердің жарықпен үздіксіз қамтылуына еңбек етеді. Бірінің қолында – ақ халат, екіншісінің иығында – өндірістік қызметтің жауапкершілігі. Кәсібі бөлек болғанымен, бүгінгі күні оларды біріктірген ортақ нәрсе бар. Ол – елдің ертеңіне деген азаматтық көзқарас.
Сайлау учаскесіне бірге келген қызметкерлердің жүзінен де бұл күннің жай күн еместігі аңғарылды. Әдеттегі жұмыс қарбаласын бір сәтке ысырып қойып, олар ел болашағына қатысты маңызды қоғамдық үдеріске өз үлесін қосты.
Мұндай көріністің өзіндік символдық мәні бар. Себебі мемлекет тіршілігі бір ғана саланың еңбегімен өлшенбейді. Дәрігердің адал қызметі де, энергетиктің тынымсыз еңбегі де елдің тұрақты өмірінің бір бөлшегі. Ал сол елдің болашағына қатысты мәселе көтерілгенде, әр маманның азамат ретінде үн қосуы – ортақ жауапкершіліктің белгісі. №125 сайлау учаскесіндегі бүгінгі көрініс осы қарапайым ақиқатты аңғартқандай. Ақ халатты абзал жандар мен жарық жүйесінің мамандары кәсіби міндеттен бөлек азаматтық парыздың да бар екенін көрсетті.
Елдің ертеңі туралы сөз болғанда, әр азаматтың дауысы маңызды. Ал сол дауыстың артында адамның кәсібі де, өмірлік тәжірибесі де, туған жерге деген жауапкершілігі де тұр.
