+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Заң және тәртіп Әділеттен туған ізгілік

Қазақ халқы ежелден «Жаңылғанға – жаза, мойындағанға – мейірім» деген қағиданы ұстанған. Ата-бабаларымыз даулы мәселелерде тек жазалауды ғана емес, адамның өкінішін, тәубесін, түзелуге деген ниетін де ескерген. Бүгінгі құқықтық мемлекетте бұл ұстаным заман талабына сай заңдар арқылы жалғасып келеді. Соның бір дәлелі – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты күшіне енген рақымшылық туралы заң.

Көпшілік үшін «рақымшылық» деген ұғымның өзі әртүрлі қабылданады. Бірі оны қылмыс жасаған адамды кешіру деп түсінсе, енді бірі барлық сотталғандарды босату деп ойлайды. Алайда бұл пікірлер шындыққа жанаса бермейді. Рақымшылық – ешкімді ақтап алу емес. Ол – заң талаптарына сай белгілі бір санаттағы азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін құқықтық жеңілдік. Оның да өз тәртібі, өз шегі, өз жауапкершілігі бар.

Бұл заңның қабылдануының өзі кездейсоқ емес. Жаңа Конституция елдегі саяси және құқықтық реформалардың жаңа кезеңін айқындады. Конституцияның ең басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жариялау – мемлекеттің осы ұстанымды нақты іспен дәлелдеуге жасаған қадамы.

Заңның алғашқы бабында-ақ рақымшылықтың қандай мақсатпен қабылданғаны анық жазылған. Онда бұл заңның жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты және ізгілік қағидатын басшылыққа ала отырып қабылданғаны көрсетілген. Бұл жердегі ең маңызды сөз – «ізгілік».

Ізгілік – заңды әлсірету емес. Керісінше, заңның адам тағдырын да ескере алатындығын білдіреді. Өйткені кез келген құқықтық мемлекетте жазаның мақсаты – адамды өмір бойы қоғамнан аластау емес, оның қателігін түсіндіріп, қайта тәрбиелеу. Егер адам өз кінәсін түсініп, түзелуге дайын болса, мемлекет оған белгілі бір деңгейде мүмкіндік береді. Бұл – әлемнің көптеген дамыған елдерінің құқықтық тәжірибесінде бар қағида. Әрине, рақымшылық барлық адамға бірдей қолданылады деген түсінік дұрыс емес. Заңда нақты шектеулер белгіленген. Ол негізінен ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар жасаған азаматтарға қатысты қарастырылған. Сонымен қатар қоғамға қауіп төндірмейтін, алғаш рет қылмыс жасаған немесе әлеуметтік жағдайы ескерілетін кейбір санаттағы азаматтарға жеңілдіктер беріледі. Ал аса ауыр құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайды. Бұл – заңның әділеттілік қағидатын сақтай отырып қабылданғанын көрсетеді. Яғни мемлекет бір жағынан адамгершілікті ұстанса, екінші жағынан қоғамның қауіпсіздігін бәрінен жоғары қояды.

Заңдағы тағы бір маңызды ерекшелік – жаза мерзімін қысқарту мәселесі. Кейбір сотталғандар толық босатылмайды, бірақ олардың жаза мерзімі қысқартылады. Мұның өзі адамның түзелуге деген талпынысын ынталандыратын құқықтық тетік саналады. Себебі түзеу мекемесіндегі адамның тәртібі, жасаған ісіне өкініші, қоғамға қайта бейімделуге дайындығы да назардан тыс қалмайды.

Заңның алғашқы тарауының өзі рақымшылықтың нақты кімдерге және қандай тәртіппен қолданылатынын айқындайды. Бұл тарауда мемлекет ең алдымен қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша қылмыстық саясатты ізгілендіруді мақсат еткен. Яғни қылмыстық теріс қылық жасағандар, онша ауыр емес қылмыс үшін сотталғандар және орташа ауырлықтағы жекелеген қылмыстарды жасаған, келтірілген залалды толық өтеген немесе жәбірленушімен татуласқан азаматтарға қатысты рақымшылық шаралары қарастырылған. Заң күшіне енгеннен кейін бұл нормалар қағаз жүзінде қалып қойған жоқ. Ішкі істер министрлігі жариялаған мәліметке сәйкес, рақымшылық 15 мыңнан астам адамға қатысты қолданылады. Оның ішінде 2 мыңнан астам сотталған азаматқылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылса, 11 мыңнан астам адамның жаза мерзімі қысқартылады. Бұл көрсеткіштер заңның ауқымын ғана емес, оның қоғамдағы әлеуметтік маңызын да айқын көрсетеді. Себебі бұл азаматтардың арасында алғаш рет қылмыс жасағандар, абайсызда құқық бұзушылыққа жол бергендер немесе жасаған әрекетінің қоғамдық қауіптілігі төмен адамдар бар. Мемлекет дәл осы санаттағы азаматтарға екінші мүмкіндік беруді жөн көріп отыр.

Алайда рақымшылықтың ізгілік сипаты оны шексіз жеңілдікке айналдырмайды. Керісінше, заңда қоғамның қауіпсіздігі бірінші орынға қойылған. Сондықтан адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, терроризм мен экстремизм, кепілге адам алу, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, азаптау, сыбайлас жемқорлық қылмыстары, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған құқық бұзушылықтар, сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне қарсы өзге де ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған адамдар рақымшылықтан тыс қалды. Бұл ретте Ішкі істер министрлігі де рақымшылықтың мақсаты қылмыскерлерді жаппай босату емес, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға түзелуге мүмкіндік беру екенін бірнеше мәрте атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, заңды іске асыру барысында әрбір сотталған адамның ісі жеке қаралады. Оның жасаған қылмысының санаты, келтірілген зиянның өтелуі, жаза өтеу кезіндегі тәртібі және заңда көрсетілген басқа да талаптар толық ескеріледі. Демек, рақымшылық автоматты түрде қолданылатын шара емес, нақты құқықтық сүзгіден өтетін рәсім.

Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеде де кеңінен қолданылады. Өркениетті мемлекеттердің қылмыстық саясатында жазаның мақсаты тек жазалау емес, адамның қайта тәрбиеленуіне жағдай жасау екені жиі айтылады. Қазақстанның да осы бағытты таңдауы құқықтық жүйенің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін аңғартады. Өйткені қоғамға қауіп төндірмейтін азаматтың өмір бойы қылмыскер атанып қалуы мемлекетке де, қоғамға да тиімді емес. Керісінше, заңға бағынатын өмірге қайта оралуына мүмкіндік жасау – қылмыстың қайталануын азайтудың маңызды тетіктерінің бірі. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылықты жекелеген адамдарға жасалған жеңілдік ретінде ғана емес, құқықтық мемлекеттің гуманизм, әділеттілік және заң үстемдігі қағидаттарына негізделген кешенді реформасының маңызды бөлігі ретінде бағалауға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет сөйлеген сөзінде «Әділетті Қазақстанның негізі – заң мен тәртіп» екенін атап өтті. Бірақ заң мен тәртіп тек қатаң жазамен өлшенбейді. Әділетті қоғамда адамға екінші мүмкіндік беру де маңызды. Рақымшылық туралы заң дәл осы ұстанымның жалғасы деуге болады. Ең қызығы, бұл жолғы рақымшылықтың тағы бір ерекшелігі бар. Қазақстан тарихында алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты да рақымшылық шаралары қарастырылды. Бұл құқықтық саясаттың біртіндеп ізгіленіп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен әкімшілік құқық бұзушылықтардың бәрі бірдей рақымшылыққа ілінбейді. Заңда нақты көрсетілген құқық бұзушылықтарға ғана жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның негізгі мақсаты – жаңа Конституцияда айқындалған ізгілік, әділеттілік және адам құқықтарын қорғау қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру. Заң тек бас бостандығынан айырылған азаматтарға ғана қатысты емес, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдардың да құқықтық жағдайын жеңілдетуді көздейді. Бұл туралы заң жобасын Парламентте таныстыру барысында Мәжіліс депутаты болған Абзал Құспан: «Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік құқық бұзушылықтарға рақымшылық жасау нормалары енгізіліп отыр», – деп атап өткен болатын.

Көпшілік «әкімшілік құқық бұзушылық» деген ұғымды аса маңызды мәселе деп қабылдай бермейді. Дегенмен күнделікті өмірде дәл осы санаттағы құқық бұзушылықтар жиі кездеседі. Уақытында төленбеген айыппұл, кәсіпкерлік қызмет барысында жіберілген әкімшілік қателіктер немесе басқа да әкімшілік жауапкершілікке әкелетін әрекеттер азаматтың қаржылық жағдайына әсер етіп қана қоймай, кейін сот орындаушыларының өндірісіне өтіп, қосымша шығындардың туындауына себеп болады. Сондықтан мемлекет бұл мәселені де назардан тыс қалдырмай, әкімшілік рақымшылық институтын енгізу арқылы құқықтық саясатты жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Ішкі істер министрлігі бұл жаңашылдықтың ауқымына арнайы тоқталды. Ведомствоның мәліметінше, рақымшылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабынқамтиды. Алдын ала есеп бойынша рақымшылық шаралары 500 мыңнан астам азаматқа қатысты қолданылады. Сонымен қатар 1 миллионнан астам әкімшілік іс бойынша өндіріп алынуы тиіс айыппұлдарға рақымшылық жасалып, олардың жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асады. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең ірі әкімшілік рақымшылық болып саналады.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, рақымшылықтың басты мақсаты – азаматтарды жауапкершіліктен толық босату емес, олардың қаржылық жүктемесін жеңілдету және мемлекеттік органдардың әкімшілік рәсімдерін оңтайландыру. Оның сөзінше, бұл шешім азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, құқық қолдану тәжірибесін ізгілендіруге бағытталған. Дегенмен рақымшылық барлық әкімшілік құқық бұзушылықтарға бірдей қолданылмайды. Заңда нақты шектеулер белгіленген. Қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретін құқық бұзушылықтар, қарудың заңсыз айналымына, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар және заңда арнайы көрсетілген өзге де санаттар рақымшылықтан тыс қалады. Бұл мемлекеттің гуманизм қағидатын ұстана отырып, заң үстемдігі мен қоғамдық қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қоятынын көрсетеді.

Тағы бір маңызды ерекшелік – рақымшылықты қолдану тәртібінің жеңілдетілуі. Көптеген жағдайда азаматтарға арнайы өтініш жазудың немесе мемлекеттік органдарға барып құжат тапсырудың қажеті болмайды. Рақымшылық заң талаптарына сәйкес уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде қолданылады. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Құқықтанушылардың пікірінше, әкімшілік рақымшылықтың әлеуметтік маңызы да жоғары. Себебі уақытында төленбеген айыппұллардың салдарынан көптеген азаматтың банктік есепшоттарына шектеу қойылып, сот орындаушылары арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімдері жүргізіліп келген. Енді заңда көрсетілген талаптарға сәйкес бұл азаматтардың бір бөлігі қосымша қаржылық ауыртпалықтан босатылады. Бұл әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар мен шағын кәсіпкерлер үшін маңызды қолдау болмақ.

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық – құқық бұзушылық жасауға шақыратын немесе заң талаптарын әлсірететін қадам емес. Керісінше, бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған құқықтық шешім. Мемлекет қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтарға қатысты ізгілік танытып отыр. Ал азаматтар осы сенімді ақтап, заң талаптарын сақтай отырып өмір сүруге ұмтылуы тиіс.

Қазақстан тарихында алғаш рет енгізілген әкімшілік рақымшылық құқықтық жүйенің жаңа бағытқа бет алғанын көрсетеді. Ол заңның қаталдығы мен гуманизм қағидатының бір-біріне қайшы келмейтінін дәлелдейді. Әділетті қоғам тек жазалау арқылы емес, адамның қателігін түзеуге мүмкіндік беру арқылы да қалыптасады. Сондықтан бұл заңның тарихи маңызы – тек жүздеген мың азаматқа жасалған жеңілдікте емес, мемлекет жүргізіп отырған құқықтық реформалардың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінде.

Бүгінде еліміздің барлық өңірінде осы заңды халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өте маңызды. Себебі заңды дұрыс түсінбеген қоғамда түрлі алыпқашпа әңгіме көбейеді. Біреулер «барлығын босатады екен» деп ойласа, енді бірі «қылмыс жасағандарды марапаттап жатыр» деген қате пікір қалыптастыруы мүмкін. Ал шын мәнінде рақымшылық – заңмен нақты белгіленген талаптарға ғана сәйкес қолданылатын құқықтық рәсім.

Сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – азаматтарға заңның мәнін қарапайым тілмен жеткізу. Заңның әр бабында көрсетілген талаптарды түсіндіріп, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

С.НҰРАДИН.