
Отбасын қолдау – қоғамның басты құндылығы
Отбасын қолдау –
қоғамның басты құндылығы
Еңбекшіқазақ ауданындағы Отбасын қолдау орталығы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің ауқымын кеңейтіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Жыл басынан бері орталыққа 1 355 азамат жүгініп, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек алды.
Орталықтың 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн жұмыс кеңесінде таныстырылды. Кездесудің басты мақсаты – Отбасын қолдау орталықтарының қызметімен танысып, көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын бағалау, сондай-ақ отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмыстардың тиімділігін талқылау болды.
Жиын барысында орталық директоры Нүсіп Қасымжанұлы мекеменің негізгі қызмет бағыттарына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда орталық ауданның 78 елді мекенінде тұратын 300 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Биылғы алты айда орталық мамандары 96 психологиялық, 69 құқықтық кеңес беріп, 95 азаматқа материалдық көмек алуға жәрдемдесті. Сонымен қатар жұмысқа орналасуға көмек көрсету, құжат рәсімдеу мәселелері бойынша кеңестер ұйымдастырылып, «111» бірыңғай сенім телефоны арқылы түскен өтініштер де жедел қаралды.
Қазіргі уақытта орталықтың әлеуметтік сүйемелдеуінде 72 отбасы бар. Оның ішінде тоғыз отбасы дағдарыс орталығынан өз үйлеріне оралса, бес отбасының әлеуметтік жағдайы тұрақтанып, бақылаудан шығарылған. Ал тәуекел тобындағы 57 отбасы тұрақты бақылауда тұр. Халыққа қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында аудан бойынша 81 мобильді кабинет ұйымдастырылып, 24 ауылдық округ пен 49 елді мекен қамтылды. Бұл кездесулерге шамамен 1 500 тұрғын қатысып, қажетті әлеуметтік және құқықтық кеңестер алды.
Ерекше назар мобильді топтардың жұмысына аударылып отыр. Биыл олардың көмегімен 389 түрлі жағдай тіркеліп, әрбір сигнал бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында мыңнан астам тапсырма орындалып, тәуекел тобындағы балалардың тұрмыстық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Жиында орталықтың практикалық жұмыстарының нәтижелері де таныстырылды. Соның ішінде ұзақ жылдар бойы құжатсыз өмір сүрген азаматшаға жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетіліп, оның балаларының да қажетті құжаттары толық қалпына келтірілгені айтылды. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен бірнеше азаматқа әлеуметтік сүйемелдеу ұйымдастырылып, олардың қалыпты өмірге оралуына қолдау көрсетілген.
Министрлік өкілдері орталықтың материалдық-техникалық базасымен, уақытша орналастыру бөлмесінің мүмкіндіктерімен, азаматтарды қабылдау тәртібімен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктерімен танысты. Кездесу барысында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, цифрлық платформаларды тиімді пайдалану, ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Жиын қорытындысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері Еңбекшіқазақ ауданындағы Отбасын қолдау орталығының жұмысына оң бағасын беріп, алдағы уақытта тәжірибе алмасу мен өзара ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Бүгінде Отбасын қолдау орталығы тек кеңес берумен ғана шектелмей, қиын жағдайға тап болған азаматтардың өмірін өзгертуге нақты үлес қосып келеді. Әрбір тұрақтанған отбасы мен қорғалған баланың тағдыры – осы еңбектің нақты нәтижесі.
Бетті дайындаған
Ринат НАРХАНОВ.
