
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда
Жуырда аудан әкімдігінде Алматы облысы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев төрағалық еткен жиында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жолдары қарастырылды.
Кеңес жұмысына комиссия мүшелерімен қатар құқық қорғау органдарының, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері қатысты. Бұдан бөлек, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары жиынға онлайн режимде қосылды. Көшпелі отырыстың біздің ауданда өткізілуі өңірдегі ахуалды зерделеу нәтижелерімен байланысты болды. Сараптама барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және мектептердегі профилактикалық жұмыстарды жетілдіруді талап ететін бірқатар мәселелер анықталған.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев әрбір оқиғаның себебіне терең талдау жасап, оның қайталануына жол бермейтін нақты шешімдер қабылдаудың маңызын атап өтті. Айтуынша, баланың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау – тек бір мекеменің емес, барлық мемлекеттік құрылымдардың ортақ міндеті. Сондықтан жауапты органдар атқарылған жұмыстармен шектелмей, анықталған кемшіліктерді жоюдың тиімді тетіктерін ұсынуы қажет.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков баяндама жасап, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде аудандағы 85 жалпы білім беретін мектепте 55 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның айтуынша, барлық мектепте құқықтық тәрбие мен патриоттық бағыттағы «Прокурордың жас көмекшісі», «Жас сақшы», «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы» жобалары жұмыс істейді. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» бастамасы аясында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен көптеген профилактикалық кездесулер ұйымдастырылып, тәуекел тобына жататын оқушылармен жеке жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Соған қарамастан, қазіргі таңда аудан мектептерінде мектепішілік есепте 81 оқушы тұрса, полицияның профилактикалық есебінде 4 жасөспірім тіркелген. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 13 қылмыс тіркелгені айтылды.
Отырыста балалар арасындағы құқық бұзушылық пен түрлі келеңсіз жағдайлардың туындауына әсер ететін негізгі факторлар да сараланды. Мамандар ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі, отбасындағы психологиялық ахуалдың нашарлауы, ата-аналық бақылаудың жеткіліксіздігі, буллинг пен кибербуллингтің көбеюі, әлеуметтік желілердің кері ықпалы және психологиялық көмектің дер кезінде көрсетілмеуі басты себептердің қатарында екенін атап өтті.
Алматы облысы бойынша Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова тәуекел тобындағы балаларды ерте кезеңнен анықтап, оларды жеке сүйемелдеу жүйесін жетілдірудің маңызын айтты. Сондай-ақ психологиялық диагностика жұмыстарын толық қамтып, педагог-психологтардың қызметіндегі сабақтастықты қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
Өз кезегінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева балалардың психологиялық саулығын нығайту бағытындағы жұмыстарды күшейту, «Әкелер мектебі» жобасын кеңейту, тәлімгерлік кездесулер санын арттыру және оқушыларды спорттық әрі шығармашылық үйірмелерге кеңінен тарту қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар мектеп психологтарының еңбек жағдайын жақсарту мәселесін көтерді.
Ал облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Дәулет Шайтұрсын психологиялық қызметтердің сапасын арттыру, мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру және білім беру ұйымдарында кешенді талдау жұмыстарын тұрақты жүргізудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық органдарындағы кадр тапшылығын азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.
Жиынды қорытындылаған Ғани Майлыбаев балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елдің болашағына деген жауапкершіліктің маңызды көрсеткіші екенін атап өтті. Ол қаралған мәселелердің тек Еңбекшіқазақ ауданына ғана тән емес екенін айтып, барлық аудан мен қала әкімдіктеріне өз өңірлеріндегі жағдайды жан-жақты зерделеп, тәуекелдерді бағалап, олардың алдын алуға бағытталған нақты іс-шараларды күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге көшпелі комиссия барысында берілген тапсырмалардың орындалуы облыстық комиссияның тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Ринат НАРХАНОВ.
