
Жұртты алаңдатқан интернет алаяқтық
Сандық дәуірде сымсыз желіден сыр жасыру мүмкін емес. Өмір сүріп отырған ортамыз цифрлық технологияға тәуелді болған тұста адамдардың қолы интернетке берік байланды. Бұл тәуелділік жыл өткен сайын артып келеді. Қарап отырсақ, кез келген сала интернеттің көмегінсіз алға жылжымайтын болды. Тұрмыстық өмірдегі таптырмас құралға айналған байланыс құралы алаяқтардың да пайда табатын көзіне айналғалы қашан. Содан бері халықтың өмірін жақсарту үшін атқарылған игілікті істен өз «үлесін» алуға асығатындар да айласын асырып, сабақты инені сәтімен жұмсап қалуға тырысатынын тоқтаусыз айтылып келеді. Алайда онлайн өмірден опық жегендердің статистикасы көбеймесе, кеміген жоқ. Себебі неде?
Осы күні жақындарымыздың жарқын сәттері туралы естеліктерді өз ауызынан емес, желіден естиміз. Айлап емес, жылдар бойы сөйлеспеген танысыңның күнделікті өмірін әлеуметтік желідегі жазбаларынан-ақ білуге еш кедергі жоқ. Жаңалығы былай тұрсын, желіде жеке деректерін көрсетіп жіберетіндер бар. Ал әлеуметтік желінің күнделікті ақпаратын сүзгіден өткізіп отыратын алаяқтарға бұл – мол азық. Өйткені адамдардың аңғалдығын әртүрлі сипатта толыққанды зерттейтіндер кәнігі психолог тәрізді. Желідегі жарияланымы арқылы жемтік іздейтіндер көбінесе «ауырдың асты, жеңілдің үстімен» ақшалы болғысы келетіндердің әлсіз тұсын алдын ала біледі. Нарықтың заманында экономистер әрбір тиынның салмағы барын, ал құзырлы орындар жіпсіз байлайтын желідегі қауіп-қатерді қаперге ұстау қажеттігін айтып жатады.
