+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

«Бірлікті қоғам – тұрақты мемлекет»: студенттермен кездесу өтті

2026 жылғы 13 қазанда Есік қаласындағы медициналық колледжде «Қоғамдық келісім және даму орталығы» аудандық бөлімінің ұйымдастыруымен «Елдесу және татуласу» жобасы аясында «Бірлікті қоғам – тұрақты мемлекет» тақырыбында студенттермен кездесу өткізілді.

Іс-шараға Алтыншаш Мәуленқызы төрағалық етті. Кездесуге Алматы облыстық медиация ұйымының төрайымы Ляззат Жалғасбайқызы Қобланова, сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің полиция капитандары Анель Нұрбекова мен Регина Пулик қатысып, өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің маңыздылығын түсіндіру, этносаралық татулықты нығайту, құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ өзара құрмет пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру.

Іс-шара барысында медиация институтының қоғамдағы рөлі, дауларды бейбіт жолмен шешу тетіктері, өзара түсіністік пен келісімге келудің маңыздылығы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында қатысушылар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру жөнінде ой-пікірлерімен бөлісті. Спикерлер бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және заңға құрметпен қарау – қоғам дамуының маңызды негіздері екенін атап өтті.

Осындай мазмұнды кездесулер жастардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамдағы бірлік пен татулық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.