
Бірлік пен татулық – тұрақтылық кепілі
15 қазанда Еңбекшіқазақ ауданының Жаңашар ауылындағы Т. Рысқұлов атындағы орта мектепте «Қоғамдық келісім және даму орталығы» аудандық бөлімінің ұйымдастыруымен «Елдесу және татуласу» жобасы аясында «Жаңа кезеңдегі біртұтас қоғам, этносаралық келісім, саяси тұрақтылық» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту, этносаралық келісімді сақтау, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету және өзара түсіністік пен татулықтың маңызын кеңінен насихаттау.
Кездесуге «Қоғамдық келісім және даму орталығы» аудандық бөлімінің басшысы Алтыншаш Мәуленқызы Мухаметнур, Еңбекшіқазақ ауданы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Гүлнар Төлеуқызы Байтукенова және «Іле-Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қымбат Құрманбекқызы Құрманжанова қатысты.
Жиын барысында спикерлер қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтаудағы отбасы мен қоғамдық ортаның рөліне ерекше тоқталды. Сондай-ақ жас ұрпаққа тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара сыйластықты нығайту мәселелері сөз болды.
Қоғамның береке-бірлігі әрбір азаматтың жауапкершілігі мен ортақ құндылықтарды құрметтеуінен басталатыны атап өтілді. Ел ішіндегі татулықты сақтау, өзара түсіністік пен құрметті арттыру, туындаған мәселелерді өзара келісім арқылы, бейбіт жолмен шешу – тұрақты қоғам қалыптастырудың маңызды шарттары екені айтылды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, ауыл тұрғындары өз пікірлерін ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Қатысушылар қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту, ұрпақ тәрбиесіне мән беру және өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру жөнінде ой бөлісті.
Осындай тағылымды кездесулердің маңызы зор. Өйткені ел ішіндегі келісім мен татулық – тұрақты дамудың негізі, ал бірлік пен өзара құрмет – жарқын болашаққа бастайтын басты құндылықтар.
