
БЕТТЕР САНЫНАН ЖАҢА БІЛІМГЕ
Оқырмандар марафоны әдебиетке деген жеке қызығушылықты ортақ бастамаға айналдыруға мүмкіндік береді. Қатысушылар кітап таңдап, оқу барысын бақылап, шығармаларды талқылайды және өз әсерлерімен бөліседі. Алайда мұндай жобаның басты нәтижесі тек оқылған беттердің санымен өлшенбейді.
2026 жылдың қыркүйек айында республикалық «Оқитын ұлт» марафоны басталды. Алматы облысы үшін бұл жобаға қатысудың маңызы ерекше. Өңірде кітапханалар, мәдениет және білім беру мекемелерінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқырмандар санын 100 мың адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әртүрлі ұйымдардың күш-жігерін біріктіріп, аудан мен қала тұрғындары үшін кітап оқуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Марафон қатысушыларға нақты мақсат қояды. Дегенмен белгіленген талаптарды орындауға деген ұмтылыс шығарманың өзіне деген қызығушылықты төмендетпеуі керек. Кітапты жай ғана оқып шығу жеткіліксіз, оны түсіну де маңызды. Кейіпкер неліктен дәл осындай әрекетке барды? Автор қандай ой жеткізгісі келді? Оқырман оның пікірімен келіседі ме, әлде келіспей ме? Осындай сұрақтар төңірегінде ойлану кітап оқудың мәнін арттыра түседі.
Оқуға деген қызығушылықты сақтау үшін қатысушылардың кездесулерін өткізуге, қысқаша пікірлер жариялауға, шығармаларды талқылауға және түрлі тақырыптар бойынша кітаптар ұсынуға болады. Ең бастысы, әр адамның тек тапсырмалардың орындалғаны туралы есеп беріп қана қоймай, өз ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік берілуі қажет.
Марафон аяқталғаннан кейін де оқу әдетінің жалғасуы ерекше маңызды. Егер қатысушы кітап оқуды жалғастырып, оқыған шығармаларын жақындарына ұсынып, жаңа авторлардың туындыларына қызығушылық танытса, онда жобаның нақты нәтижеге қол жеткізгені.
Жаппай бастамалар қоғам назарын кітап оқуға аударуға ықпал етеді. Алайда шынайы өзгерістер күнделікті өмірде қалыптасады. Кітап отбасылық демалыстың, мектептегі қарым-қатынастың және жеке дамудың ажырамас бөлігіне айналған кезде ғана оқу мәдениеті уақытша науқан шеңберінен шығып, тұрақты әдетке айналады.
