+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ынтымақ пен бірлікті нығайтқан көңілді эстафета

Спорт – денсаулық кепілі, ал бірлік пен ынтымақ – ортақ жетістіктің негізі. Осы қағиданы ту еткен Абылай хан атындағы №4 орта мектеп  ұжымы «Көңілді эстафета – 2026» спорттық сайысында белсенділік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Мектеп ұжымы арасында өткен спорттық эстафета педагогтердің дене белсенділігін арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және әріптестер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталды.

Аталған шараның жоғары деңгейде өтуіне мектеп басшысы Лейля Тункаева қолдауы ерекше ықпал етті. Ұстаздар ұжымының спорттық белсенділігін арттыруға бағытталған бастамаларға қолдау білдіру – мектептегі ынтымақ пен салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды бөлігі. Спорттық сайысты ұйымдастыруда дене шынықтыру әдістемелік бірлестігінің еңбегі зор болды. Ұйымдастырушылар қатысушылардың қызығушылығын арттырып, жарыстың тартысты әрі қызықты өтуіне жағдай жасады. Ал мектептің кәсіподақ ұйымы шараға демеушілік қолдау көрсетіп, игі бастаманың жүзеге асуына өз үлесін қосты.

Эстафета барысында қатысушылар шапшаңдық пен ептілікті, төзімділік пен тапқырлықты талап ететін кезеңдерде өзара қолдау танытып, командалық жұмыстың маңызын көрсетті. Әр кезеңде жеңіске деген жігер мен көтеріңкі көңіл күй байқалды. Жарыс ұжым мүшелеріне ерекше серпін беріп, өзара сыйластық пен бірлікті нығайта түсті.

Сайыс қорытындысы бойынша  қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі жүлделі І орынды иеленді, ІІ орынды бастауыш сынып әдістемелік бірлестігі иеленсе, ІІІ орынды әкімшілік мүшесінің ұйымшыл  жастары жеңіп алды.  Бұл жетістік – қатысушылардың белсенділігі мен ауызбіршілігінің, ортақ мақсат жолындағы табандылығының нәтижесі.

Мұндай спорттық шаралар педагогтердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, ұжымдағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыруға, әріптестер арасындағы байланысты бекемдеуге ықпал етеді. Ұстаздардың спорт алаңында да белсенділік танытуы – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық өнеге.

Айгүл ДОСЫМХАНОВА,

мектепішілік кәсіподақ ұйымының төрайымы.