+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНДА ЗАМАНАУИ КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ


Қонаев қаласында қараша айында жұмысын бастаған жаңа нысан – Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі мамандандырылған медициналық мекемелердің бірі. Облыс орталығында осындай заманауи клиниканың іске қосылуы – өңір тұрғындарының денсаулығын сақтау жолындағы маңызды қадам.
Заманауи кардиологиялық орталықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жоғары технологиялық операциялар жасалады. Бұл жүрек-қантамыр аурулары бар науқастар үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір арттырып, диагностика мен емдеудің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Клиника 50 төсек-орынға шақталған және жүрек-қантамыр аурулары бар науқастарға тәулік бойы жоғары технологиялық жоспарлы және шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Заманауи ангиограф, ультрадыбыстық диагностика аппараттары, жүрек ырғағын бақылау жүйелері және кардиохирургиялық операцияларға арналған жоғары дәлдіктегі жабдықтармен қамтамасыз етілген. Миокард инфарктісі және инсульт кезінде шұғыл көмек көрсетіледі, коронарография, стендтеу, баллондық ангиопластика сияқты интервенциялық араласулар, жүрек ырғағының бұзылыстарын емдеуге арналған және ашық, аз инвазивті кардиохирургиялық оталар жасалады. Сондай-ақ отадан кейінгі оңалту және диспансерлік бақылау жүргізіледі.
Жаңа нысанның ашылуы облыста кардиологиялық қызметті дамытуға, ерте диагностиканы күшейтуге, мүгедектікті төмендетуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Құрамына интервенциялық кардиология, аритмология, кардиохирургия, кардиологиялық реанимация және қарқынды терапия, функционалдық және сәулелік диагностика бөлімшелері кіреді. Барлық шұғыл көмек МӘМС шеңберінде тегін көрсетіледі. Мекемеде жоғары санатты кардиологтар, интервенциялық кардиологтар, аритмологтар, кардиохирургтар, анестезиолог-реаниматологтар және тәжірибелі орта медициналық персонал еңбек етеді.
Бұдан әрі базада профилактикалық акциялар, ашық есік күндері, тұрғындар үшін жүрек денсаулығын тексеру шаралары және медицина қызметкерлеріне арналған оқыту семинарлары өткізу жоспарланып отыр.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі