
Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті
Бүгін Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары бейнережим арқылы қатысты.
Отырыс барысында ауыл шаруашылығы, энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері, сондай-ақ табиғи ресурстар және орман шаруашылығы салаларындағы ішкі талдау қорытындылары қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мадияр Исебаев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев баяндады.
Ең алдымен сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мадияр Исебаев ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді субсидиялау және ауылдық елдімекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру мәселелеріне қатысты бірнеше сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен проблемалық сұрақтар талдау барысында анықталғанын жеткізді. «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау қорытындылары бойынша «Алматы ОблГаз Engineering» кәсіпорынында кейбір ұйымдастыру жұмыстары мен жанар-жағар май есебінде кемшіліктер анықталды. Сонымен қоса денсаулық сақтау басқармасына қарасты бірқатар мекемелерде кадрлық құжаттамаларда, мемлекеттік сатып алу мен мүлік пайдалануда қателіктерге жол берілген фактілерге көз жеткіздік», – деді Мадияр Болатұлы.
Келесі кезекте қоршаған ортаны қорғау саласындағы есептілікті цифрландыру, орман шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін жетілдіру және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қоса облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарын өткізудің 2027 жылға арналған жоспары бекітілді.
Отырыс қорытындысы бойынша ведомстволық бақылауды күшейту, бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету және ұйым басшыларының дербес жауапкершілігін арттыру жөнінде қосымша шаралар айқындалды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов жиында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, ішкі бақылау тетіктерін күшейту және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
