
«Әділет» партиясы еңбек жағдайы мен жұмыспен қамту мәселелерін талқылады
«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Көктөбе ауылындағы «Алимжанов» шаруа қожалығының ұжымымен кездесті.
Жүздесуде еңбек жағдайы, тұрақты жұмыспен қамту, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы және отандық кәсіпорындарды қолдау мәселелері талқыланды. Штаб мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасында еңбек саласына қатысты ұсыныстарды таныстырды.
Бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға қарай кемінде 1 миллион сапалы әрі тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Жаңа жұмыс орындарында жалақы өңірдегі медианалық деңгейден төмен болмауы, қызметкерлер әлеуметтік пакетпен және қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етілуі тиіс.
Сондай-ақ еңбек шартынсыз жұмыс істеуге, «көлеңкелі» жалақыға және жалған жұмысқа орналастыруға жол бермеу, еңбек қатынастарына цифрлық бақылау енгізу ұсынылған.
Отандық өнім өндіріп, жаңа жұмыс орындарын ашып отырған кәсіпорындарға арнайы қолдау көрсету және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін енгізу де бағдарламада қарастырылған.
Кездесу соңында шаруа қожалығының қызметкерлері бағдарламадағы бастамаларға қатысты пікірлерін білдіріп, алдағы сайлауға белсенді қатысуға ниетті екенін жеткізді.
