+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Без рубрики

Ән әлемі – жан әлемі

Қазақта «Өнер өлмейді, өнегелі із қалады» деген тағылымды сөз бар. Шын мәнінде, еңбегімен танылған азаматтың есімі бір ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің рухани мақтанышына айналатыны анық. Осындай тағдыр иелерінің бірі – өмірін білім мен мәдениет саласына арнаған Мейрамбай Бектасов. Ұлағатты ұстаз, белгілі композитор, ғұмырының жартысын біздің ауданда өткізген еңбек ардагері бүгінде 70 жаста.

Берекелі Бесарық топырағында дүниеге келген өнер иесі бүгінде туған жерінің ғана емес, Сыр өңірі мен Алматы аймағында да сыйлы азамат ретінде танылған. Оның өмір жолы – өнермен өрілген, ұстаздық пен мәдениеттің дамуына арналған тағылымды ғұмыр.

Мейрамбай Досмағанбетұлы қарапайым еңбек адамдарының отбасында тәрбиеленді. Әкесі Досмағанбет соғыс жылдарының ауыртпалығын көріп, елге оралған соң ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызмет атқарған майдангер болса, анасы Ұржамал көп балалы әулеттің берекесін келтірген ардақты ана болды. Осындай ортада өсіп, еңбекке ерте араласып, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидаларын бойына сіңіріп жетілді.

Бала кезінен өнерге жақын болған Мейрамбай Досмағанбетұлы мектеп қабырғасында-ақ ән мен музыкаға бейім болды. 1973 жылы мектепті тәмамдаған соң Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түсіп, кәсіби өнер жолына қадам басты. Студенттік жылдары түрлі шығармашылық ұжымдармен бірге сахнаға шығып, өнер тәжірибесін шыңдады. Еңбек жолын музыка пәнінің мұғалімі болып бастап, жас маман ретінде мектеп өміріне белсене араласты. Хор, ансамбль, үйірмелер ұйымдастырып, оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға күш салды. Кейін туған жерінде аудандық білім бөлімінде әдіскер, музыка мектебінің директоры қызметтерін атқарып, өңірдегі өнер мен білім саласының дамуына елеулі үлес қосты.

Тәуелсіздік жылдарынан кейін                      Алматы өңіріне қоныс аударып, мәдениет саласындағы қызметін жалғастырды. Алмалы ауылдық мәдениет үйінің директоры ретінде мекеменің жұмысын жандандырып, түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болды. Сонымен қатар ұстаздық қызметін де қатар алып жүріп, жас ұрпақты өнерге баулыды.

Мейрамбай Бектасов тек ұстаз ғана емес, сазгер ретінде де танылған тұлға. Оның шығармашылығында туған жерге, елге, еңбекке арналған көптеген әндер бар. Бұл туындылар түрлі өнер ұжымдарының репертуарынан орын алып, халық арасына кеңінен тарады. Сазгердің ауданымызға, Есік қаласына, Түрген, Қызылжар, Алмалы ауылдарына арнаған әндері де шығармашылығынан орын тапқан. Бірнеше туындыларын эстрада жұлдыздары, Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фальклорлық-этнографиялық ансамблі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі орындап жүр.

Атқарған еңбегіне сай бүкілодақтық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанған, «Мәдениет майталманы» медалі, Д.Қонаевтың 110 жылдығына орай «Мерей» ордені, Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері, «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен марапатталған.

Бүгінде ұрпақ тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отырған ардақты әке, сыйлы ата. Оның өмір жолы – еңбектің, өнердің және адамгершіліктің үйлескен үлгісі. Биыл 70 жастық мерейтойын туған жері Қызылорда өңірі жоғары деңгейде атап өтпек болып отырғанда, жуырда екінші ұлы Нұрбол Бектасов дүниеден озды. «Қуаныш пен қайғы қатар жүреді» деген осы болар, аталған шара болашақтың еншісінде қалды. Қай жасқа келсе де ата-ана үшін перзентінен айырылудан асқан қасірет жоқ, әрине. Дегенмен, Мейрамбай ағамыз тағдырдың салғанына мойымай, басына түскен қайғыға сабырлық танытып келеді. Ауданымызда қаншама жыл еңбек еткендіктен аудандық мәдениет саласының да көңіл бөлмейтініне қапалы екенін жасырмады. Мейрамбай Бектасовтың ғұмыры бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас бір кезеңнің мәдени-рухани келбетін танытады. Осындай тұлғалар арқылы елдің рухы биіктеп, өнердің де, білімнің де шоқтығы асқақтай түсетіні сөзсіз. Ал, өмірін өнегемен өрнектеп, ұлт мәдениеті үшін ғұмырын арнап, әлі де шығармашылық ізденісін бір тоқтатпаған осындай жандарды үлгі етіп, құрмет таныту – ортақ міндет