+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 36 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРЫЛДЫ


Алматы облысында халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, азаматтардың кәсіби дағдыларын дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері өңірде 36 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 27 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылса, 9 мыңға жуық тұрғын уақытша жұмысқа тартылды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Азаматтардың басым бөлігі Enbek.kz порталы арқылы жұмысқа орналасты. Сонымен қатар тұрғындар қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарға белсенді тартылып, «Күміс жас» жобасы аясында да жұмысқа жолданды. Әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері 6 854 жас жұмысқа орналастырылды.

Өңірде азаматтардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылды. Қатысушылар шаштараз ісі, аспаздық, тігін өндірісі және сұлулық индустриясы сияқты бағыттар бойынша жаңа дағдыларды меңгерді. Оқуға 584 адам жіберіліп, олардың жартысынан астамы бүгінде жұмысқа орналасқан.

Бұдан бөлек, 3 мыңға жуық тұрғын Skills Enbek платформасында білімін жетілдірсе, 1 887 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алды.