+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚОС БІРДЕЙ ҚҰТҚАРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ


Алматы облысында тұрғындардың қауіпсіздігін күзетіп, төтенше жағдай кезінде көмек көрсететін қос бірдей нысан пайдалануға берілді. Алдымен Қонаев қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімі жаңғыртудан өтіп, қызметін қайта бастады. Ал Іле ауданында елімізде өзге баламасы жоқ «Ауыл қорғаны» бекетінің тұсауы кесілді. Оның басты ерекшелігі – өрт сөндіру, полиция және жедел жәрдем қызметі бір алаңда шоғырланған. Екі нысан да заманауи техникамен, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты рәсімге ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Халық кеңесінің мүшелері, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
1969 жылдан бері жөндеу көрмеген Қонаев қаласындағы депо биыл республикалық бюджет қаражаты есебінен толық жаңартылды. Бөлімше 6 өрт сөндіру автокөлігімен, 15 тонналық су тасығыш және арнайы автосатымен, ГАЗель, Ssang Yong 4 қосалқы көлігімен, сондай-ақ өзге де құрал-жабдықпен толық жарақтандырылды. Бұл құтқарушылардың қолайлы жағдайда жұмыс істеуіне және кәсіби міндетін сапалы орындауына мүмкіндік береді. Қазiргi уақытта мұнда 30 маман қызмет етеді және 8 адам тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Шарада алғашқы болып Алматы облысының әкімі құттықтау сөз сөйлеп, құтқарушылардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
«Жылдар бойы халық игілігіне қызмет етіп келген ескі депоның жаңа кейіпке енуі ең алдымен осы жердің қызметкерлері мен халықтың көптен күткен ортақ қуанышы деуге болады. Бұл бөлімнің жауапкершілік аймағы өте кең. Нысан Қонаев қаласымен бірге Шеңгелді ауылдық округінің де қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді. Бүгінде бөлімнің жабдықталуы кез келген жағдайға сақадай сай. Осы жобаны сапалы жүзеге асырған Төтенше жағдайлар министрлігіне, мердігер ұйымдарға және
барша сала мамандарына алғыс айтамын», – деді Шыңғыс Сайранұлы.
Келесі болып сөз тізгінін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов алды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында азаматтық қорғау саласының инфрақұрылымы, материалдық-техникалық базасы күннен-күнге нығайып, жеке құрамның қызметін жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ министр бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.
Шара барысында қызметін адал әрі мінсіз атқарған құтқарушыларға «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің және Алматы облысы әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Аймақтың қауіпсіздік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған тағы бір игі жоба Іле ауданындағы Н. Тілендиев ауылында іске асырылды. Мультифункционалды кешеннің бой көтеруіне азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткен меценат демеушілік етіп, мемлекетке тарту етіп отыр. Енді шұғыл шақырту кезінде өрт сөндіру, полиция және жедел жәрдем қызметі бір мезетте сақадай сай көмекке аттанады және Қараой ауылдық округінің үш елді мекенінің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ғимаратта арнайы техниканы сақтайтын бөлмелер, диспетчерлік қызмет, әкімшілік-тұрмыстық үй-жай мен қажетті инженерлік жүйе толық қарастырылған. Алдағы уақытта дәл осындай «Ауыл қорғаны» бекетін облыстың барлық ауылында ашу жоспарланып отыр.
Жергілікті тұрғындар ерекше бекеттің өз ауылында ашылғанына дән риза.
«Н. Тілендиев ауылында 2013 жылдан бері тұрып келемін. Бұрын-соңды елді мекенімізде мұндай мекеме болмаған. Төтенше жағдай кезінде аудан орталығынан көмек күтетінбіз. Кейде күту уақыты тым ұзаққа созылып кететін. Сондықтан бұл кешеннің ашылғанына қуаныштымыз. Жаңа нысан халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз», – деді ауыл тұрғыны Жеңіс Тұрлиев.