+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Без рубрики

AMANAT араласқан соң Алматы облысында тұрғындар көтерген мәселе шешімін тапты

Партияның Қоғамдық қабылдауы арқылы заңсыз жер қазу дерегі тоқтатылып, кінәлі тұлғаларға 2,5 млн теңге айыппұл салынды.

Алматы облысында «AMANAT» партиясының Қоғамдық қабылдауына жүгінген тұрғындардың мәселесі нақты шешімін тапты. Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округінде тұрғын үйлерге жақын маңда заңсыз жер қазып, қара топырақ сату дерегі анықталып, партияның араласуымен тиісті мемлекеттік органдар жедел әрекет етті.

Партия филиалына жүгінген Гүлбану Асқарованың айтуынша, тұрғындар бұл мәселені жергілікті деңгейде бірнеше рет көтерген. Алайда заңсыз жұмыс тоқтамаған. Арнайы техникамен жер қазылып, жүк көліктері қара топырақты тасымалдауды жалғастырған. Салдарынан жақын маңдағы тұрғындар шу, шаң-тозаң және экологиялық қолайсыздыққа тап болған.

«Бұл мәселені өзіміз бірнеше рет көтердік. Әкімдікке де, учаскелік полицияға да, экология өкілдеріне де жүгіндік. Бірақ нақты нәтиже болмады. Сол себепті AMANAT партиясының Қоғамдық қабылдауына жүгіндік. Партия өкілдері мәселені бірден назарға алып, жауапты органдармен байланыс орнатты. Нәтижесінде заңсыз жұмыс тоқтап, нақты шара қабылданды. Тұрғындардың үні ескерусіз қалған жоқ», – деді Гүлбану Асқарова.

Тұрғындардың шағымынан кейін «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы мәселені бақылауға алып, жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты үйлестірді. Партия өкілдерінің бастамасымен оқиға орнына шығу ұйымдастырылып, жер учаскесінде заңсыз қазу жұмыстары жүргізілгені анықталды.

Тексеру барысында жалпы аумағы 13 гектар жердің шамамен 7 гектары игерілгені белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, 70 жүк көлігімен топырақ шығарылып, әрқайсысы шамамен 90 мың теңгеден сатылған.

Партияның араласуынан кейін кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 2,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, учаскелік полиция инспекторына аталған аумақты күнделікті бақылауда ұстау тапсырылды.

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Тимур Нүкебаевтың айтуынша, партия үшін тұрғындардың нақты мәселесін соңына дейін жеткізу – басты қағидаттардың бірі.

«Қоғамдық қабылдау – халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын ғана емес, оның нақты шешілуіне ықпал ететін алаң. Бұл жолы да тұрғындардың шағымы қағаз жүзінде қалған жоқ. Партия мәселені бақылауға алып, жауапты органдарды жұмылдырды. Нәтижесінде заңсыз әрекет тоқтатылып, кінәлілер жауапқа тартылды. AMANAT үшін ең маңыздысы – азаматтардың өтініші нақты нәтижеге айналуы», – деді Тимур Нүкебаев.

Қазіргі уақытта аталған аумақта бақылау күшейтілді. Заңсыз жер қазу жұмыстарының қайта жалғасуына жол бермеу үшін жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді. Мәселе «AMANAT» партиясының бақылауында қала береді.