+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

АСТАНАДА «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2026» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ 20 ЖЕҢІМПАЗ ОТБАСЫ МАРАПАТТАЛДЫ


Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Биыл байқауда Қазақстанның әр өңірінен қатысқан өзара сыйластықты, еңбекқорлықты, ұрпақтар сабақтастығын және бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауды үлгі еткен 20 өнегелі отбасы жеңімпаз атанды.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері, Аналар кеңесі, Әкелер одағының мүшелері және белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев құттықтап, олардың рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтаудағы және ел болашағын қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адами әлеуетті дамытуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауға ерекше мән берді. Бұл бағытта отбасының орны айрықша. Себебі тәрбие негіздері мен өмірлік бағдарлар ең алдымен отбасында қалыптасады.

Бүгін біз осы құндылықтардың маңызын өз өмірлік өнегесімен дәлелдеп жүрген отбасыларды ұлықтап отырмыз. Олардың әрқайсысының өмір жолы тағылымға, отбасылық дәстүрге адалдыққа және игі істерге толы. Сіздердің еңбектеріңіз бен қоғамдық бастамаларыңыз жас ұрпақтың отбасы құндылығын, өзара сыйластық пен ел болашағы алдындағы жауапкершілікті терең түсінуіне ықпал етеді. Осындай отбасылардың өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс», – деді Арман Қырықбаев.

2026 жылғы 28 қазандағы Президент Жолдауында адами капиталды дамытуға және саналы ұрпақ тәрбиелеуге ерекше назар аударылған. Мемлекет басшысы балаларды тәрбиелеу мен олардың өмірлік бағдарларын қалыптастыруда отбасы, мектеп, мұғалім және оқушының өзара ортақ жауапкершілігін атап өтті. Осы тұрғыда отбасы институтын нығайту, жауапты ата-аналықты қолдау және ұрпақтар сабақтастығын сақтау қоғамдық маңызға ие болып отыр.

«Мерейлі отбасы» байқауы өмірлік жолы қазақстандық қоғамның үздік дәстүрлерін бейнелейтін отбасылардың басын қосады. Жеңімпаздар қатарында көпбалалы және асырап алушы отбасылар, еңбек және шығармашылық әулеттер, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсенді араласып, өз өңірлерінің дамуына үлес қосып жүрген отбасылар бар.

Байқаудың 20 жеңімпаз отбасына құрметті мүсінше мен 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, отбасының мәртебесін арттыру, бала тәрбиесіндегі озық тәжірибені насихаттау және отбасылық дәстүрлерге құрметпен қарауды дәріптеу.

Байқау өткізілген жылдар ішінде оған еліміздің түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты.