+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ауданымыздың жас білімпаздары – халықаралық олимпиада жеңімпаздары!

Ел ертеңі – білімді ұрпақ. Жас өрендердің білімге деген құштарлығы мен ізденісі – кез келген мектептің мерейін асыратын үлкен жетістік. Осындай талапты да талантты шәкірттер тәрбиелеп отырған білім ордаларының бірі – Еңбекшіқазақ ауданындағы Көктөбе орта мектебі.
Жақында Көктөбе орта мектебінің 8 «Б» сынып оқушылары Түркістан қаласында өткен IQ Land халықаралық олимпиадасына қатысып, өз білімдері мен қабілеттерін жоғары деңгейде танытып, жүлделі орындарға ие болды.
Білім додасына еліміздің әр өңірінен 300 оқушы қатысып, өзара бақ сынады. Осындай ауқымды әрі бәсекелі олимпиадада ауданымыздың жас білімпаздары жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Атап айтқанда, Курбанов Амир олимпиаданың Super Champion атағын иеленіп, І орынға қол жеткізді. Ал Курбанова Диана мен Еменова Самина білім сайысында үздік нәтиже көрсетіп, ІІ орындарды қанжығаларына байлады.
Жеңімпаз оқушылар арнайы кубоктармен және дипломдармен марапатталды. Бұл жетістік – шәкірттердің тынымсыз ізденісі мен табандылығының, ұстаздарының кәсіби еңбегінің және ата-аналарының қолдауының жемісі.
Халықаралық деңгейдегі білім бәйгесінде топ жарып, ауданымыздың абыройын асқақтатқан жас білімпаздардың бұл жеңісі – өз қатарластарына үлгі боларлықтай. Олардың әрбір жетістігі білімге ұмтылған жас ұрпаққа үлкен серпін беріп, жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіреді.