
Берекелі отбасы өз таңдауын жасады
Еңбекшіқазақ ауданындағы №157 сайлау учаскесіне бүгін Эрмакашаевтар әулетінің 15 мүшесі келіп, Құрылтай сайлауына қатысып жатыр.
Берекелі шаңырақтың бірнеше буынының бір күнде сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасауы – отбасы мүшелерінің ел өміріне деген азаматтық жауапкершілігін көрсетеді. Әулет үшін сайлауға бірге қатысу – ортақ құндылықты дәріптейтін маңызды сәт.
Эрмакашаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан өнегелі шаңырақтардың бірі ретінде де көпшілікке танылып отыр. Отбасындағы үлкендердің кейінгі буынға үлгі көрсетуі, жастарды елдік мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиелеуі – осындай отбасылардың басты ерекшелігі.
– Бүгін отбасымызбен бірге сайлау учаскесіне келіп, азаматтық міндетімізді орындап жатырмыз. Үлкендермен бірге жастардың да сайлауға қатысып, өз таңдауын жасағаны маңызды деп ойлаймыз. Себебі елдің болашағына қатысты мәселелер әр отбасыға тікелей қатысты. Біз балаларымызға да азаматтық жауапкершіліктің мәнін осындай іс арқылы көрсеткіміз келеді, – дейді отбасы үлкендері.
Бір шаңырақтың 15 мүшесінің сайлауға бірге қатысуы – отбасы құндылықтары мен азаматтық белсенділіктің қатар көрініс табуы. Бүгін «Мерейлі отбасы» атанған бұл әулеттің бүгінгі қадамы кейінгі буынға да жақсы үлгі болып отыр.
