+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Сұқбат

Бірліктің  шынайы амалы – достықтың берік  қамалы

1996 жылдан бері 1 мамырда Қазақстан халқының бірлігі күні тойланып келеді. Бұл күн Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің достығын, ұлттық татулығы мен тұрақтылығын паш етеді. Қазақстанда өмір сүріп, азаматтығын алған түрлі ұлттардың ана тілдерін, мәдени мұралары мен дәстүрлерін еркін дамытуға жағдай жасалған. Бірлік көрші не болмаса, бір отбасымен ғана сыйластық емес, мемлекетке де тікелей байланысты. Тәуелсіз елімізде көп ұлт өкілдері мекендейтіндіктен татулықты сақтау, өзара келісім арқылы бейбітшілік пен ұлттар татулығын сақтау – маңызды мәселе. Елімізде аталып өтетін бірлік мерекесіне орай, ұйғыр ұлтының көрнекті ақыны, Қазақстан халық Ассамблеясының аудандық филиалының мүшесі Иминжан Тоқтияровтен тілдескен едік.

– «Алыстағы досыңа ат берсең де жарасар – үйіне мініп барсын деп. Жақындағы досыңа хат берсең де жарасар – ұмытса есіне алсын деп» демекші, 90-шы жылдан бері жақын дос болып, шығармашылық өмірде бірге өмір сүріп келеміз. Қарапайым өмірде ғана емес, екі ұлттың әдеби достығын да ту етіп көтеріп келесіз. Бірлікті бекемдеген белесіңіз де биіктеп келеді.

– Иә, дұрыс айтасыз, «Кемедегінің жаны бір» деген ғой халық даналығы. Қазақстанда туып-өсіп, қазақ халқымен қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан соң, бірлік, татулық, достық басты мәселе болуы заңды. Өзіңіз білесіз, аудандық газетте бірге қызмет еткенде ауылдың, ауданның тыныс-тіршілігін, бірлігін, еңбекқорлығын мақаламыздың арқауы еттік, әдеби шығармашылықта да сол – бірлік өлеңімнің өзегіне айналды. Қазақтың танымал ақындары Қадыр Мырза-Әлінің, Қалқаман Сариннің, Бақыт Беделханның, тағы басқаларының өлеңдерін ұйғыр тілінде аудардым. Ал Шөмішбай Сариевтің «Дүниені жалт қаратсам деп едім» атты жыр жинағын толық ұйғыр тілінде «сөйлетіп», еңбегім жоғары бағаланды. Алдағы уақытта да аударма ісімен айналысуды ниет етіп отырмын.

– Соңғы бір-екі жыл сіз үшін жемісті жыл болды. Қазақ ақындары-ның шығармаларын ұйғыр халқына таныту қаламгерлігіңіздің халықтар достығын дәнекерлеушілік қарымы болар.

– Оныңыз рас, он шақты жыр кітабымнан басқа, таңдамалы жыр жинағымның екі томын жарыққа шығардым, оған аудармада атсалысқаным бар. Осындай еңбегімді елеп, былтыр «Әдебиет саласының үздігі» атанып, «Құрмет» орденімен марапатталдым. Биыл А.Дөләтов атындағы сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атағына ие болдым. Бұдан бұрын Илия Бахтия атындағы сыйлықтың лауреаты атанғаным бар. Одан бөлек Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматымын, Жазушылар  одағының мүшесі болдым. Қазақстан халқы Ассамблеясының аудандық филиалына мүшелікке де қабылдандым.

Өзіңіз де аудармашылықпен айналысып, менің өлеңдерімді қазақ тіліне аударып, «Қазақ әдебиеті» апталығы мен «Жұлдыз» журналына жариялағаныңызды атап айтқан жөн. Балаларға арналған бірқатар өлеңдерім «Балдырған» журналында жарияланбақшы. Сіздің арқаңызда менің де еңбегім бауырлас қазақ оқырмандардың назарына ілікті. Әдебиет достастығына, ұлтаралық бірлік пен татулықтың нығаюына сіздің де қосқан үлесіңіз орасан зор.

– Бірлік пен берекенің мерекесі қарсаңында аудан тұрғындарына айтар тілегіңіз болса…

– Бірлік деген – қастерлі де қасиетті сөз. «Досы көпті жау алмайды» дейді.  Бірліктің шынайы амалы – достықтың берік қамалы емес пе? Әдебиет – әлемнің айнасы. Қаламгерлердің шынайы жүзін халық олардың туындыларынан танып, татулықтың туын көтереді.

Біз бақытты елміз. Іргеміз берік, татулығымыз тұрақты, бейбітшілігіміз баянды. Елдегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың достығы нығайып, бейбітшілік пен өзара түсініктілігіміз нығая берсін. Қазақстан экономикалық, саяси тұрғыда алға баса берсін! Алдыңғы қатарлы озық елдің сапынан көріне берейік демекпін. Осы жолда баршамыз аянбай еңбек етуіміз керек.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Тілдескен Анарбек БЕРДІБАЕВ.