+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Чемпиондар таңдауы – азаматтық жауапкершілік айнасы

Бүгін Есік қаласындағы №123 сайлау учаскесіне халықаралық шаршы алаңдарда Қазақстанның көк Туын көкке көтеріп, талай мәрте ел абыройын асқақтатқан чемпиондардың бір топ болып келуі сайлау учаскесіндегі көпшілікті таңқалдырды. 

Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан смйлау учаскесіне белгілі боксшылар, чемпиондар Санжар Тәшкенбай, Махмуд Сабырхан, Сакен Бибосынов, Серік Теміржанов, Оразбек Асылкулов, Төрехан Сабырхан, Аблайхан Жусупов, Сабиржан Аккалыков, Нұрбек Оралбай, Сағындық Тоғамбай, Айбек Оралбай, Нұркен Андасов, Медеу Джумашев, Нұржан Кондыбаев, Азамат Макажанов, Нұржан Насанов, Гайни Ашкеев, Мақсат Бактыбазаров және Асқар Еркебаев бапкері Мырзағали Айтжановпен келіп, өз таңдауларын жасады.

Кейбір сайлаушылар чемпиондармен тілдесіп, естелік суретке түсіп жатса, енді бірі спортшыларға ризашылығын білдіріп, ел намысын қорғап жүрген азаматтарға ақжолтай тілегін жеткізді. Кеше ғана әлемдік додаларда қарсыластарымен жұдырықтасып, ел намысын қорғаған боксшылардың бүгін халықпен бірге бір сайлау учаскесінде қатар тұруы – спорт пен қоғамдық өмірдің бір арнада тоғысқан сәтіндей әсер қалдырды.

Спортшы үшін жеңіске жету оңай емес. Оның артында күн сайынғы жаттығу, қатаң тәртіп, төзім мен табандылық тұрады. Шаршы алаңда бір ғана сәттің өзі көп нәрсені шешеді. Сондықтан боксшылардың өмірінде жауапкершілік ұғымы ерекше орын алады. Бүгінгі таңда сол жауапкершіліктің басқа бір қырын көрсетуге мүмкіндік туды. Себебі, ел тағдырына қатысты маңызды үдерістерге қатысу да азаматтан жауапкершілікті талап етеді. Әр сайлаушының берген дауысы – өзінің азаматтық ұстанымын білдірудің бір жолы. Осы тұрғыдан алғанда, елге танымал спортшылардың сайлау учаскесіне бірге келіп, өз таңдауларын жасауының жастарға берер тәрбиелік мәні де зор.

Әсіресе жас буын үшін чемпиондардың әрбір қадамының өзіндік өнегесі бар. Олар спортта биік мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбек етудің үлгісін көрсетіп келеді. Ал бүгін сол спорттық жетістіктердің иелері ел өміріндегі маңызды қоғамдық іске де бейжай қарамайтынын көрсетті.

Елдің ертеңі тек мінберде немесе үлкен жиындарда қалыптаспайды. Ол әр азаматтың күнделікті әрекетінен, ел өміріне деген жауапкершілігінен құралады. Бүгін шаршы алаңда ел намысын қорғап жүрген азаматтардың сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасауы – осы жауапкершіліктің нақты көрінісі.