«Е-өтініш» – мемлекеттік органдарға өтініш беру сервисі
Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару жүйесін цифрландыру және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында көптеген заманауи ақпараттық жүйелер енгізілуде. Солардың бірі – «Е-өтініш» мемлекеттік органдарға өтініш беру сервисі. Бұл сервис азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнатуына, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауына мүмкіндік беретін маңызды цифрлық құрал болып табылады.
«Е-өтініш» – мемлекеттік органдарға электрондық форматта өтініш беру, оның қаралу барысын бақылау және ресми жауапты онлайн алу мүмкіндігін қамтамасыз ететін бірыңғай ақпараттық жүйе. Сервис арқылы азаматтар арыз, шағым, ұсыныс, пікір немесе сұрау жолдай алады.
Жүйе Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес жұмыс істейді. Әрбір келіп түскен өтініш міндетті түрде тіркеліп, құзыретті мемлекеттік органға жолданады және заңнамада белгіленген мерзімде қаралады.
«Е-өтініш» сервисінің басты артықшылықтары – ашықтық, қолжетімділік, уақытты үнемдеу және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында азаматтар санитариялық талаптардың сақталуы, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, ауыз су сапасы, эпидемиологиялық ахуал және мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша электрондық түрде өтініш жолдай алады.
Қорытындылай келе, «Е-өтініш» – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын, азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлық платформа.
Еңбекшіқазақ аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
басшысының орынбасары
Д. Бақберген
