
ЕСТЕ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ, ЕРЛІК ПЕН ҚАЙРАТ: ЖАС БАЛУАНДАР ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ӨТКЕН ТУРНИРДЕ БАҚ СЫНАДЫ
Балқаш ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз және қоғам қайраткері Алтынбай Бейсебековті еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті.
Спорттық додаға Қазақстанның түрлі өңірінен 2011–2012 жылы туған 180-нен астам жас балуан қатысып, барлығы 12 команда бақ сынады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов қатысты. Өз сөзінде ол ұлттық спорт түрлерін дамытудың және спорттық дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
«Бұл жарыстың соғыс ардагері, ұстаз әрі тәлімгер, ғұмырын өскелең ұрпақ тәрбиесіне арнаған Алтынбай Бейсебековтің рухына арналуының маңызы зор. Осындай тұлғалардың есімін ұлықтау, өмір жолы мен қоғам дамуына қосқан үлесін ұрпақ жадында сақтау – тарихымыз бен мәдени дәстүрлеріміздің маңызды бөлігі.
Балқаш ауданында қазақ күресіне әрдайым ерекше көңіл бөлінеді. Біз өз чемпиондарымыз бен жүлдегерлерімізді мақтан тұтамыз және оларға әрдайым қолдау көрсетеміз», – деді Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов.
Мамандар мен жаттықтырушылар құрамы да ұлттық күресті жүйелі түрде дамыту, жас спортшыларды даярлау және олардың қабілеттерін шыңдауға қажетті жағдай жасау жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы бұл жас санаты балуандардың спорттық қалыптасуында ерекше орын алады. Дәл осы кезеңде олар жарысқа дайындықтың күрделі деңгейіне өтіп, мықты қарсыластармен белдесу барысында техникалық шеберліктерін шыңдап, қажетті жарыс тәжірибесін жинақтайды.
«Биыл турниріміздің ұйымдастырылып келе жатқанына 14 жыл толып отыр. Алғашында бір ауыл көлемінде шағын жарыс ретінде басталған дода уақыт өте келе өзінің географиясын кеңейтіп, ұйымдастыру деңгейін арттырды. Кейін аудандық деңгейге көтеріліп, өткен жылы ашық облыстық жарыс ретінде өткізілді. Ал биыл Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, республикалық «Qazaq kuresi» қауымдастығының және «Бөрі» облыстық қазақ күресі федерациясының қолдауының арқасында турнир республикалық мәртебеге ие болды.
Биыл жарысқа Қазақстанның 12 өңірінен жас балуандар келді. Бұл – ұлттық күресті дамытуға деген көпжылдық еңбектің, үлкен қызығушылықтың және спорттың болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың қолдауының нәтижесі. Біз үшін жарыстың ауқымын кеңейтумен қатар, Алтынбай Бейсебековтің есімін ұлықтап, оның өнегелі ісін жалғастыру және жас спортшыларға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашу маңызды», – деді турнир ұйымдастырушысы Абылай Даткер.
Жарыс барысында қатысушылар күш-қайратын, ептілігі мен төзімділігін, жеңіске деген жігерін танытып, 10 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Атап айтқанда, 42, 46, 50, 55, 60, 65, 70, 75, 80 және 80 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Турнир қорытындысы бойынша Алматы облысының балуандары жоғары нәтиже көрсетіп, өңір қоржынына 17 медаль салды. Әсіресе, алтын жүлдегерлер қатарында 42 келіге дейінгі салмақта Ерсұлтан Нұрбайұлы, 46 келіге дейінгі салмақта Алдияр Егінбай және 70 келіге дейінгі салмақта Дарын Есімханұлы ерекше көзге түсті.
Алматы қаласының спортшылары да жақсы нәтиже көрсетіп, жалпы саны 12 медаль жеңіп алды. Ал Жетісу облысының өкілдері түрлі дәрежедегі 6 медальға қол жеткізді.
