
«JASTAR CAMP»: Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар бас қосты
12–14 тамыз аралығында Алматы облысында «JASTAR CAMP» жастар лагері өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен 500-ге жуық жас қатысуда.
14 тамызда лагерь аясында жастардың өкілдері «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабымен кездесіп, жұмыс, кәсіпкерлік, білім беру, цифрландыру және жастардың қоғамдық өмірге қатысуы мәселелерін талқылады.
Кездесуде жастарға білім алу, еңбек нарығында өз орнын табу, кәсіп бастау және өз идеяларын жүзеге асыру үшін жағдай жасау мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар азаматтардың ұсыныстары мен сұрақтарын цифрлық форматта жинау және оларды талдау мүмкіндіктері сөз болды.
Қатысушылардың пікірінше, цифрлық технологияларды пайдалану мемлекеттік және қоғамдық процестерді жеңілдетіп, жастардың өзекті мәселелерін жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Кездесуде жасанды интеллектіні азаматтардың ұсыныстарын талдау және шешім қабылдау процестерінде пайдалану перспективалары да қозғалды.
JASTAR CAMP қатысушылары өздерін толғандыратын мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салды. Жас кәсіпкерлер орта бизнесті дамыту мен бизнесті цифрландыруға, педагогтер ауыл жастарына арналған бағдарламалар мен білім беру мүмкіндіктеріне, медиа және қоғамдық сала өкілдері жастардың шығармашылық әлеуетін іске асыруға қатысты ұсыныстарын айтты.
Лагерь бағдарламасында көшбасшылық, коммуникация, командалық жұмыс, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық белсенділік бағыттары бойынша практикалық сессиялар ұйымдастырылған. Сондай-ақ жастар өз идеялары мен бастамаларын талқылай алатын арнайы алаңдар жұмыс істейді.
JASTAR CAMP аясында жастардың қоғамдық бастамаларын дамытуға, тәжірибе алмасуына және өзекті мәселелер бойынша пікір бөлісуіне мүмкіндік беретін түрлі форматтағы кездесулер мен пікірталастар өткізіліп жатыр.
