Алматы облысының тұрғындары АЭС салудың экологиялық мәселелерін талқылады
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қарасай ауданының тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді. Бұл жолғы талқыланған маңызды тақырыптардың бірі – экологиялық қауіптер және олардың алдын алу шаралары. Әсіресе Балқаш көлі секілді бірегей су айдындарының жанында атом электр станцияларын салу мәселесі жиынның басты назарында тұрды.
Халықтық штаб мүшесі Мейраш Шынасилова өз сөзінде атом электр станцияларының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған озық технологиялар туралы жан-жақты мәлімет берді.
Оның айтуынша, Қазақстандағы болашақ АЭС-терде III және III+ буынды реакторлар қолданылады. Бұл реакторлар белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің үйлесімін қамтиды. Яғни ішкі немесе сыртқы ақауларға қарамастан, станциялардың тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
«Азаматтардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Сондықтан АЭС салу туралы оң шешім қабылданса, біз ең озық және экологиялық қауіпсіз технологияларды қолданамыз. Жаңа буын станциялар табиғи апаттарға, соның ішінде 8 баллдық жер сілкіністеріне және су тасқынына төтеп бере алады. Бұл технологиялар Балқаш көлі сияқты бірегей табиғи аймақтарға әсер етпей, қауіпсіздік деңгейін барынша қамтамасыз етеді», – деді Мейраш Шынасилова.
Кездесуде Жандосов ауылының ақсақалы Қартай Әлиасқаров та сөз сөйлеп, экологиялық қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылығын білдірді.
«Балқаш көлі – біздің елдің табиғи қазынасы, оны қорғау маңызды. Бірақ қазіргі технологиялар бізге бұл мәселені дұрыс шешуге мүмкіндік беретінін көріп отырмыз. АЭС тек тұрақты энергия көзі ғана емес, сонымен қатар экологияға зиян келтірмейтін қауіпсіз жоба екенін түсінеміз. Сондықтан да бұл жобаны қолдаймын», – деді Қартай Әлиасқаров.
Жиын соңында қатысушылар АЭС құрылысы кезінде қолданылатын қауіпсіздік шараларын қолдайтындықтарын білдірді. Олар экологиялық қауіптерге қатысты барлық сұрақтарға жауап алып, елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадамдарды талқылады.
Халықтық штабтың кездесулері арқылы халықтың АЭС құрылысы туралы барлық маңызды ақпаратты алуы мен экологиялық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді ашық талқылауға жағдай жасалуда.
