
Мектеп дамуы – бірлескен жұмыстың нәтижесі
Қарасай ауылындағы Абай атындағы орта мектепте Алматы қаласы «Педагогикалық шеберлік орталығының» тренері Карлығаш Қалдарованың және Қарасай ауылы Абай атындағы орта мектебінің директоры Ақмарал Ақанбаеваның бастамасымен 6 мектеп командасының қатысуымен екі күндік ауқымды семинар ұйымдастырылды. Семинардың тақырыбы – «Білім беру ұйымын дамыту бағдарламасын әзірлеу: стратегияларын және даму кезеңдерін айқындау».
Бұл семинардың басты мақсаты – мектептің даму бағдарламасын жүйелі түрде құру жолдарын үйрету болды. Атап айтқанда, әр білім беру ұйымының ерекшелігіне, қажеттілігіне және материалдық базасына сәйкес 7 бағыт бойынша тиімді жоспар әзірлеу тәсілдері жан-жақты қарастырылды.
Семинарға қатысқан әр мектептен іріктелген мықты командалар өзара тәжірибе алмасып, ортақ идеялармен бөлісті. Жұмыс барысында біз тек теориямен шектелмей, жос-пар құруды тәжірибе жүзінде орындадық. Ең алдымен, мектептің және әр бағыттың нақты қажеттіліктерін анықтап, оларды басымдықтарға айналдырудың жолдарын меңгердік. Осы басымдықтарға жету үшін нақты қадамдар белгіленіп, мақсаттар қойылып, жүйелі жоспар жасалды. Сонымен қатар, семинар барысында мектеп миссиясын дұрыс қалыптастыру, оны қарапайым әрі нақты жеткізу, әр бағыт бойынша нақты іс-шараларды жоспарлау және күтілетін нәтижелерді айқындау жолдары үйретілді. Бұл – мектептің болашақ дамуын дұрыс бағытта ұйымдастыруға үлкен негіз болатыны сөзсіз.
Менің осы семинардан түйгенім – мектептің даму жоспары бір ғана басшы-ның қолынан жасалатын қарапайым құжат емес. Бұл – бүкіл педагогикалық ұжымның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Даму жоспарын құру барысында мектептің стратегиялық дамуына үлес қосуға дайын, балаға жанашыр, кәсіби деңгейі жоғары ұстаздардан құралған команда қалыптастыру аса маңызды. Әр бағыт бойынша 5 жылдық нақты жоспар құрып, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру – мектептің сапалы дамуына алып келеді. Ең бастысы, сырттан дайын шешім күтпей, өз қолымыздағы мүмкіндіктерді, ресурстарды және жобаларды тиімді пайдалану арқылы нәтижеге қол жеткізуге болатынын түсіндік.
Осы орайда, бізге өз тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар берген тренер Қарлығаш Исақызына және мектебіміздің болашағына алаңдап, мектептің дамуына өз үлесін қосып жүрген Ақмарал Талғатқызына қатысушылар алғысын білдірді. Мұндай семинарлар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, мектептің болашағын бірге құруға жетелейді.
Гүлфариза ӘЛЖАН,
Абай атындағы орта мектебі
директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.
