+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Без рубрики

Оқушылардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыру

      Мектеп жасындағы балалардың денсаулығын сақтау мен нығайту – үкімет пен қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Баланың ақыл-ойының дамуы, оқу үлгерімі, дене шынықтыру белсенділігі және жалпы өмірлік белсенділігі оның күнделікті тамақтануына тікелей байланысты. 

    Сондықтан білім беру ұйымдарында оқушыларды сапалы әрі теңгерімді тамақпен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі болып саналады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы «Денаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандартын бекіту туралы» №302 бұйрығына сәйкес, мектеп асханаларында тамақтануды ұйымдастыру кезінде келесі бірқатар санитариялық-гигиеналық талаптар қойылады.

   Атап айтар болсақ: Балаларға берілетін тағамдардың құрамында гендік түрлендірілген өнімдер, пестицидтер, жасанды қоспалар болмауы тиіс. Құрамында спирт, кофеин, жасанды тәттілендіргіштер, өткір дәмдеуіштер бар өнімдерді қолдануға болмайды. Сондай-ақ, консервант ретінде бензой және сорбин қышқылдарын пайдалануға тыйым салынады. Тағам әзірлеу үшін тек балғын әрі сапалы шикізат қолданылады. Бұйрық талаптарына сәйкес, қайта мұздатылған ет пен балық, сіңірлі немесе майлы ет, ұзақ сақталған субөнімдер қолданылмауы қажет. Ата-аналарғазиянды гидрогенделген майлар мен өткір дәмдеуіштерді балаларға беруден бас тарту қажет. Бұл талаптар оқушылардың ас қорыту жүйесін қорғауға және зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған. 

    Мектепте оқушылардың саны 100-ден асқан жағдайда міндетті түрде асхана жұмыс істеуі тиіс. Ас блогының жабдықтары санитариялық нормаларға сай болуы, асхана жарық, таза және желдетілетін болуы қажет. Ас мәзірі 4 апталық жоспар бойынша құрылады және әр тағамның калориялығы, құрамдық ерекшелігі есепке алынады. Бұл балалардың жас ерекшеліктеріне сай толыққанды тамақтануын қамтамасыз етеді. Денсаулығында ерекшелігі бар балалар үшін (қант диабеті, аллергия, асқазан-ішек аурулары) арнайы диеталық тамақтану қарастырылады. Мұндай мәзір дәрігердің қорытындысы мен ата-аналардың өтініші бойынша әзірленіп, жеке бақылауға алынады. Мектеп асханаларында берілетін тағамның сапасын бракераж комиссиясы тексереді. Оның құрамына мектеп әкімшілігі, медициналық қызметкер, өндіріс меңгерушісі мен ата-аналар комитетінің өкілдері кіреді. Сонымен бірге,жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық салауаттық саласындағы мамандар тарапынан бақылау жүргізіп отырады. Бұл қадамдар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. 

       Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 4 наурыздағы ҚР ДСМ №16 бұйрығымен №302/2020 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап заңды күшіне енді. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты-мектептегі тамақтануды ұйымдастыру сапасын арттыру және оқушыларға арналған мәзірді жаңғыртып, оны қазіргі заман талаптарына сай бейімдеу. Жаңартылған талаптарға сәйкес, ас мәзірін ұлттық тағамдармен әртараптандыруға, көкөністер мен жеміс-жидектерді күнделікті пайдалануға баса назар аударылады. Майлы, қантты және тұзды 

тағамдардың үлесі шектеліп, дәруменге бай, табиғи тағамдарға басымдық беріледі. 

     Оқушылардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыру – олардың денсаулығын нығайтудың, оқу үлгерімін арттырудың және салауатты өмірсалтына баулудың басты тетігі. Асханаларда сапалы әрі қауіпсіз тағамдар ұсынылуы, мәзірдің әртүрлі, әрі құнарлы болуы – балалардың толыққанды дамуының кепілі. Дұрыс тамақтану баланың ойлау қабілетін жақсартып, белсенділігін арттырады, көптеген аурулардың алдын алуға көмектеседі.

    Сондықтан мектеп пен ата-аналардың, жалпы қоғамның ортақ міндеті – балалардың дұрыс әрі пайдалы тамақтануын қамтамасыз ету.

 Еңбекшіқазақ аудандық 

 СЭББ басшысының орынбасары Д.Бақберген