
ҚАЗАҚСТАННЫҢ IT ҚЫЗМЕТТЕРІ ЭКСПОРТЫ 34 ЕСЕГЕ ЖУЫҚ ӨСТІ: ӘЛЕМДІК БАҚ ТОҚАЕВТЫҢ ЦИФРЛЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ САЯСАТЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ НӘТИЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның IT қызметтерінің экспорты 1,142 млрд АҚШ долларына жетті. Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы отандық цифрлық қызметтердің шетелге сатылым көлемі небәрі 33,5 млн долларды құраған болатын. Осылайша, бес жыл ішінде бұл көрсеткіш 34 есеге жуық өсіп, IT секторын еліміздің сыртқы саудасындағы маңызды бағыттардың біріне айналдырды.
Бұл туралы британдық халықаралық қаржылық-талдамалық Global Banking & Finance Review басылымы есептеу инфрақұрылымын құру жобаларына, халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастыққа, отандық жасанды интеллект шешімдерін дамытуға және жаңа технологияларды түрлі салаларда қолдануға арналған жарияланымында хабарлады.
Мұндай өсімнің артында бағдарламалық жасақтама әзірлеу, IT-консалтинг, бұлтты технологиялар және басқа да цифрлық қызметтер нарығының кеңеюі тұр. Дәстүрлі тауарлардың көпшілігінен айырмашылығы, бағдарламалық өнімдерді әр елде жаңа өндірістік инфрақұрылым құру қажеттілігінсіз-ақ халықаралық тұтынушыларға ұсынуға болады. Алайда жаһандық нарықта табысты бәсекелесу үшін компанияларға білікті әзірлеушілер ғана емес, сонымен қатар өздерінің бағдарламалық өнімдері, сенімді сервистік қызметтері, деректерді қорғау жүйесі және дамыған сату арналары қажет.
Бұл бағытты одан әрі дамыту Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерге сәйкес келеді. Құжатта цифрландыру мен жасанды интеллект жаңа экономиканы қалыптастырудың негізгі құралдары ретінде қарастырылады. Әңгіме технологияларды жай ғана енгізу туралы емес, оларды өндіріс пен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, шығындарды азайту және қосылған құны жоғары өнімдер жасау үшін іс жүзінде қолдану туралы болып отыр.
IT саласы үшін бұл дамудың келесі деңгейіне көтерілу міндетін білдіреді. Ендігі кезекте жекелеген мамандардың қызметтерін экспорттаудан өз бағдарламалық өнімдерін, технологиялық шешімдерін және ұзақ мерзімді цифрлық сервистерін халықаралық нарыққа шығаруға көшу қажет. Мұндай тәсіл компанияларға шетелдік клиенттердің тапсырыстарын орындаумен ғана шектелмей, әртүрлі нарықтарда кеңейтуге болатын өнімдер арқылы тұрақты табыс қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы өсу әлеуеті әлі де жоғары. 2025 жылы Қазақстанның IT қызметтерінің экспортынан түскен кірісі олардың импортына жұмсалған шығындардан 2,6 еседен астам жоғары болды. Алдағы мақсат – 2030 жылға қарай экспорт көлемін 5 млрд долларға жеткізу. Ол үшін компаниялар өз әзірлемелерін белсенді дамытып, зияткерлік меншік құқықтарын сақтап, халықаралық нарықтарға шығуы қажет. Жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, автоматтандыру, киберқауіпсіздік және деректерді талдау салаларындағы шешімдер қосымша сұраныс қалыптастыруы мүмкін. Бұл ретте капиталға және заманауи есептеу ресурстарына қолжетімділік те маңызды рөл атқарады.
Бұл өсімнің ғылыми негізі де бар. 2018–2025 жылдар аралығында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған ішкі шығындар 72,2 млрд теңгеден 261,5 млрд теңгеге дейін өсіп, номиналды мәнде 3,6 есеге артты. Ендігі маңызды міндет – қаржыландыру көлемінің ұлғаюы зерттеулер санын арттырумен ғана шектелмей, нарыққа жол тартатын нақты әзірлемелердің көбеюіне де ықпал етуі. Ғылыми нәтижелер сұранысқа ие технологиялар мен экспорттық өнімдерге айналған кезде, олар цифрлық экономиканың дамуына қосымша серпін береді.
Сондықтан 1,142 млрд доллар – 2025 жылдың қорытынды көрсеткіші ғана емес, Қазақстанның IT экспортын одан әрі кеңейтудің жаңа кезеңіне бастайтын межесі.
