
Қыз әдептілігімен әдемі, инабаттылығымен сәнді
Ата-бабамыз ежелден қыздың тәрбиесіне аса қатты назар аударған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген ырым-тыйымдар арқылы қыз баласын жастайынан даналыққа, сабырлыққа, әсемдікке баулыған. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданы «Асыл ана» ардагерлер бірлестігінің ұйымдастыруымен Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде «Қыз әдептілігімен әдемі, инабаттылығымен сәнді» атты тәрбие сағаты өтті.
– Қазақ халқымыз ерте кезден-ақ адамгершілікті, әдептілікті жоғары бағалай білген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел. Бесігінде жақсы тәрбие, үлгі-өнеге алған қыз, қайда болса да көргендігін көрсетеді. Бір өкініштісі уақыт өткен сайын осынау асыл қасиеттерімізден айырылып бара жатқандаймыз. Ұлттық ізгі дәстүрімізді ескіліктің қалдығы деп мұрын шүйіре қарамай, осы заманға лайықтысын таңдап алып, инабатты қыз тәрбиелеу ата-ананың да, ұстаздардың да міндеті, – деп алғысөзді бастады Еңбекшіқазақ ауданы «Асыл ана» ардагерлер бірлестігінің төрайымы Базаргүл Камрадинова.
Іс-шараға колледж ұстаздары, тәрбие ісі жөніндегі мамандар, оқушылар, «Асыл Ана» бірлестігінің мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұман Мықыбаев қатысты. Тәрбие сағатында жасанды интеллекттің көмегімен жасалған видеоролик көрсетілді. Видеороликте анасы мен қызының әңгімесі арқылы қыз баласының тәрбиесі жайлы айтылды. Одан бөлек «Асыл Ана» бірлестігінің мүшелері, ардақты әжелеріміз колледж студенттеріне өз өмірлерінен мысал келтіріп, ақылдарын айтты. Оқушылар мен әжелер арасында әдемі әңгіме өрбіді.
Айта кету керек, аталған тәрбие сағаттарына қазіргі қоғам аса мұқтаж. Өйткені қоғамның қалыптасуына қыз баласының атқарар рөлі зор. Қыз – ана, отбасы ұйытқысы. Ана сүтімен даритын асыл қасиеттерді қыз баланың бойына сіңіру үшін үйдегі ана да, ұстаз да бірлесе атсалысуы керек. Күнделікті орын алып жатқан жантүршігерлік жаңалықтар, қоғамда тәрбиенің әлсірегенін көрсетеді. Сондықтан осындай тәрбие сағаттары жас қыздардың санасын түзейді. Ана болу – тек қана кішкентай нәрестеге қарау емес, ол болашақ ұрпақтың іргетасын қалайтын тұлғаны тәрбиелей білу. Оң тәрбие беру үшін, алдымен ананың даналығы мен ақыл-ойы жетілгені абзал.
Тәрбие сағатында оқушылар түрлі ойын ойнады. Мақал-мәтелдерді жалғастырып, сыйлықтар да алды. Асыл әжелер халық әндерін шырқап, оқушылардың көңілін көтерді.
Жанерке САТЫБАЛДЫ.
