+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Сайлау – отбасылық дәстүр

Қазақстандағы көптеген ерлі-зайыпты үшін сайлауға бірге қатысу отбасылық дәстүрге айналып, ортақ жауапкершілікті білдіретін маңызды азаматтық қадам саналады.

Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылында тұратын Қали мен Бүбен Искаковтар да тағдырлы шешімдерді бірге қабылдауды өмірлік ұстаным еткен жандар. 75 жылдан астам отасқан ерлі-зайыптылар бүгінгі тарихи сайлауға да бірге қатысып, өз таңдауларын жасады.

Жасы мен денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайтындықтан, Искаковтар отбасының үйіне учаскелік сайлау комиссиясының көшпелі тобы арнайы келді. Жылжымалы дауыс беру жәшігімен келген комиссия мүшелері сайлаушылардың құжаттарын тексеріп, бюллетеньдерін беріп, жасырын дауыс беруге барлық жағдайды қамтамасыз етті.

Айта кетейік, үйде дауыс беру мүмкіндігі денсаулығына немесе жасына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын, алайда ел өміріндегі маңызды оқиғаға жеке қатысқысы келетін азаматтар үшін қарастырылған. Осы мақсатта өңірде арнайы көшпелі топтар жұмыс істеді.

Қали мен Бүбен Искаковтар өмірдің талай белесін бірге еңсеріп, қиындықтар мен түрлі сынақтарға қарамастан, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен сыйластықты сақтап келеді. Бүгінде Қали атаның жасы 95-те болса, Бүбен апа 92 жаста. Ерлі-зайыптылар отбасылық салт-дәстүрді берік ұстанып, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді.

– Қазақ мәдениетінде отбасы қашанда ерекше орын алған. Ұлы дала көшпелілері үшін туған шаңырақ күш-қуат пен рухани мұраның қайнар көзі болса, туыстық байланыстар кейінгі ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарған. Бүкілхалықтық мұндай шараларға қатысу азаматтық белсенділікпен қатар, отбасылық құндылықтармен де сабақтасуы керек.

Біз жұбайым екеуміз атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді қадір тұтамыз. Біз үшін бұл – туған елдің болашағын айқындайтын сайлауға қатысу секілді қасиетті парыз. Халықтың пікірі ескерілген барлық маңызды шараларға үнемі белсенді қатысып келеміз. Бүгінгі дауысымыз да ортақ шешімнің бір бөлшегіне айналсын, – деді Қали Искаков.

Искаковтар отбасының өнегелі өмір жолы, өзара сыйластығы мен бір-біріне деген қамқорлығы – отбасылық құндылықтардың халықтың берік негізі екенін көрсетеді.

Қали ата мен Бүбен апа төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде оларды 14 немересі, 15 шөбересі және 3 шөпшегі қоршап отыр. Балалары мен ересек немерелері өмірден өз орындарын тауып, еліміздің дамуы мен тұрақтылығына өз үлестерін қосып келеді.

Ұлттық дәстүрді көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен осындай отбасылардың өнегесі – ел болашағының берік негізі. Өйткені ел тарихы мен оның ертеңі – әр азаматтың таңдауы мен жауапкершілігінен қалыптасады.