Саяси қуғын-сүргін құрбандары ұмытылмайды
Еңбекшіқазақ ауданында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай тағылымы терең, мәні зор іс-шаралар ұйымдастырылды. Аудан аумағындағы Тескенсу, Лавар, Амангелді, Өрнек және Қорам ауылдарында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Тарихтың қасіретті беттерінде жазылған ауыр жылдардың құрбандарын ұлықтауға арналған шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар бірлестіктері мен аудан тұрғындары қатысты. Жиналған қауым жазықсыз жапа шеккен азаматтардың рухына тағзым етіп, олардың жарқын есімдерін құрметпен еске алды.
Іс-шара барысында қатысушылар ел тарихындағы нәубет кезеңдердің сабақтарын ұмытпау, өткеннен тағылым алып, тәуелсіздіктің қадірін бағалау жөнінде пікір алмасты. Гүл шоқтарын қою рәсімі үнсіздік минутымен жалғасып, боздақтардың рухына құрмет көрсетілді.
Жалпы аудан көлемінде өткен еске алу шараларына 300-ге жуық адам қатысып, тарихи жадыны жаңғыртуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қосты.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – өткенге тағзым жасап қана қоймай, келешек ұрпақтың санасында әділеттілік пен адамгершілік құндылықтарын орнықтыратын маңызды күн. Осындай тағылымды шаралар халықтың тарихи жадын сақтауға және ел бірлігін нығайтуға қызмет етеді.

