
Спорт саңлағы сайлауда
Құрылтай сайлауында Еңбекшіқазақ ауданындағы №124 сайлау учаскесінде елге еңбегі сіңген спорт ардагері, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы Алпыс Арықбайұлы дауыс беріп жатыр.
Жеңіл атлетикадан әлемдік додаларда көптеген жүлдені жеңген спорт ардагері бүгінгі таңда да белсенді өмір салтын ұстанып, жастарға үлгі көрсетіп келеді. Өзінің айтуынша, әр таңы жүгіруден басталады.
– Ел өміріндегі маңызды мәселелерге әр азаматтың өз көзқарасы болғаны дұрыс. Құрылтай сайлауына келіп, өз таңдауымды жасап жатырмын. Мен спортта да, өмірде де тәртіп пен жауапкершілікті басты орынға қоямын. Елдің болашағына қатысты шешімдерге бейжай қарамай, азаматтық ұстанымымызды білдіруіміз қажет. Сондықтан бүгінгі сайлауға қатысуды өзімнің азаматтық міндетім деп білемін, – дейді Алпыс Ермағамбетов.
Спорт саңлағының айтуынша, елдің болашағы тек бір күнгі шешіммен емес, әр азаматтың күнделікті еңбегі мен жауапкершілігінен қалыптасады. Сондықтан ол тұрғындарды қоғамдық маңызы бар шараларға белсенді қатысуға шақырады.
Қазір №124 сайлау учаскесінде дауыс беру қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Мұнда әртүрлі сала өкілдерімен қатар, елге еңбегімен танылған азаматтар да өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділігін көрсетуде.
