
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ: АДАЛ ҚОҒАМ – ОРТАҚ МАҚСАТ
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдық пен парасаттылық құндылықтарын дәріптеу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Бөлек ауылының мәдениет үйінде «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жауапкершілік түрлері» атты кездесу өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің қолдауымен, Еңбекшіқазақ ауданының ішкі саясат бөлімі ММ және «Іле мұрагер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Кездесуге мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Шара барысында Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Дархан Нұртилеуұлы Мұхамедияров сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның қоғамға тигізетін кері әсері, сондай-ақ адалдық пен әділдік қағидаттарын қалыптастыру жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара соңында мәдениет саласының қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Кездесу қатысушылардың құқықтық білімін арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайтуға бағытталды.
