
Табиғатты аялау – ортақ парыз
Барлық адам қоршаған ортаның тазалығына жауапты. Айналаны ластамау – ар-ұяттың деңгейін көрсетеді. Осы орайда Көктөбе орта мектебінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мектеп аумағын көгалдандыру мақсатында ағаш отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды. Игі бастама табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
Аталған шараға Көктөбе ауылдық округінің әкімі Б.Саменов, мектеп директоры М.Даулетова, сондай-ақ ауылдың аға буын өкілдері мен мәдениет саласының үздігі Б.Ибраев, диаспора төрағалары Б.Дулаев, Р.Баратов және М.Завутадзе қатысты. Қатысушылар мектеп аумағын көркейтуге өз үлестерін қосып, бірлесе еңбек етудің жарқын үлгісін көрсетті.
Шара барысында әрбір отырғызылған көшет – болашаққа деген сенімнің белгісі ретінде қабылданды. Жиналған қауым жасыл желектің уақыт өте келе тамыр жайып, мектептің көркін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаның ажарын аша түсетініне сенім білдірді.
Мұндай экологиялық бастамалар өскелең ұрпаққа табиғатты аялаудың маңызын түсіндіріп, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырады. Табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет. Осы бағыттағы игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенім мол.
Өз тілшіміз.
