+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Тағдыр сынағынан өткен тұлға

1986 жылдың 26 сәуірі… Адамзат жадында қара әріппен жазылып қалған күндердің бірі. Чернобыль апаты күллі әлемді алаңдатып, сан мың тағдырдың бағытын өзгертті. Сол зұлматтың салдарын жоюға аттанғандардың қатарында қарапайым қазақстандық жігіт, ауданымыздың тұрғыны Каулжан Розиев те болды.

Каулжан Мәмтелиевич 1966 жылдың қарашасында Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Тигермен ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауыл тіршілігінің қарапайым да қайнаған ортасында өтті. 1974 жылы мектеп табалдырығын аттаған ол білімге құштар, еңбекке бейім болып өсті. 1982 жылы отбасы Еңбекшіқазақ ауданына қоныс аударып, бүгінде көпшілікке белгілі Амангелді ауылына тұрақтады. Бұл ауыл кейін оның тағдырымен біте қайнасқан мекенге айналады.

Мектепті аяқтаған жас жігіт 1984 жылы Талғар механизация техникумына оқуға түседі. Алайда жастық арман мен студенттік өмір ұзаққа созылмады. Сол жылдың күзінде оны әскер қатарына шақырады. Осылайша, бейбіт өмірдің бір белесі әскери тәртіппен алмасты. Алғашқы әскери қызметі Волгоград қаласында басталып, кейін Беларусь жеріне, Минск қаласына жол тартады. Көп ұзамай Гомель облысындағы Жлобин қаласына ауыстырылды.

Дәл осы кезең – тарихтың ең ауыр сынақтарының бірімен тұспа-тұс келді. 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттан кейін мыңдаған сарбаздармен бірге Каулжан да апат салдарын жоюға жіберілді. Бұл – тек әскери бұйрықты орындау ғана емес, адам өмірін, болашақ ұрпақты құтқару жолындағы жанкештілік еді.

Маусымның аптап ыстығы мен көзге көрінбейтін қауіпке толы күндер. 28 маусымнан 20 шілдеге дейін олар радиациямен арпалысып, өздеріне жүктелген міндетті адал атқарды. Ол кезде ешкім ертең не боларын нақты білген жоқ. Бірақ бір нәрсе анық еді – Отан алдындағы борыш бәрінен биік.

Чернобыльден кейінгі өмір де оңай болған жоқ. Әскери міндетін жалғастыра жүріп, Вологда облысында, Череповец қаласы маңында теміржол құрылысына қатысты.

Әскерден оралған соң Каулжан туған ауылына бет бұрды. Жастық шағы үзіліп қалған оқуын қайта жалғап, техникумды тәмамдады. Бұл – оның қайсарлығы мен табандылығының айқын көрінісі. Өмірдің қандай сынағы болмасын, білім мен еңбек арқылы еңсеруге болатынын дәлелдеді.

Содан бері Чернобыль оқиғасының қатысушысы Амангелді ауылында тұрып, еңбек етіп келеді. Өмірдің талай сынынан сүрінбей өткен батырымыз бүгінде бір ұл, бір қызды тәрбиелеп өсіріп, олардан үш немере сүйіп отырған бақытты жанның бірі. Қарапайым ғана тіршілік кешкенімен, оның өмір жолында тұтас бір дәуірдің ізі жатыр. Ол – тарихтың үнсіз куәгері, ел алдындағы борышын адал атқарған азамат. Бүгінгі ұрпақ үшін Каулжан Розиевтің тағдыры – ерлік пен жауапкершіліктің үлгісі. Себебі ерлік әрдайым ұранмен емес, кейде осындай қарапайым, бірақ шешуші сәттерде жасалған әрекеттермен өлшенеді. Чернобыльдің қара бұлты сейілгенімен, сол күндердің жаңғырығы жүректерде сақталып қалды. Ал сол жаңғырықтың ішінде Каулжан сынды азаматтардың үнсіз ерлігі жатыр.

Ринат НАРХАНОВ.