+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Тілді сақтау – ортақ міндет

Қазіргі қазақ қоғамында жиі қойылатын  сұрақтардың бірі – неге біз күнделікті  өмірде орыс тілін, қазақ тіліне қарағанда жиі қолданамыз? Оған не себеп болды? Бұл жай ғана қалыптасқан әдет десек, бұның астарында терең тарихи себептер жатқандай. Тіл – ұлтты, мемлекетті біріктіретін феномен, сондықтан Қазақстан үшін ана тіліміздің маңызы зор.

Тіл – адамның болмысына, тұлғалығына тікелей әсер етеді. Әр тіл – мәдениет пен дәстүрдің мәйегі десек,  осы тұста қоғам екіге бөлінеді.  Қазақ тілділер мен орыс тілділер. Қазақ тілділер орыс тілділерге «қашан  қазақша сөйлейсің?» десе, орыс тілділер «мен неге қазақ тілін білуім керек?» деген сұрақпен пікір екіге жарылады. 

Ең алдымен, бұл мәселенің тамыры Кеңес Одағы кезеңіне барып тіреледі. XIX ғасырда Ресей империясының жүргізген статистикасына сүйенсек,  1897 жылы қазақ даласында  80 пайыз қазақ болды. Арада  62 жыл өткен соң, 1959 жылы  30 пайыз қазақ қалды. 62 жылда  50 пайыз қазақ жоқ болып кетті. Оған ашаршылық, тың, түрлі    саяси оқиғалар әсер етті.  Сол кезеңде  орыс тілі бүкіл одақ бойынша негізгі қарым-қатынас тіліне айналды. Білім беру, мемлекеттік қызмет, ғылым мен техника салалары түгелдей дерлік орыс тілінде жүргізілді. Қазақ тілі көбіне тұрмыстық деңгейде ғана қолданылып, қоғамдық маңызы төмендей бастады. Сөйтіп  қара домалақ қазақ балалары  орыс тілінде білім алып, сол тілде ойлап, сөйлейтін деңгейге жетті. Уақыт өте келе бұл үрдіс қала мәдениетіне терең орнықты. Ірі қалаларда түрлі ұлт өкілдері өмір сүргендіктен ортақ тіл ретінде орыс тілі қолданылды. Бұл жағдай адамдардың бір-бірін түсінуін жеңілдеткенімен, қазақ тілінің күнделікті қолданыс аясын шектеді. Оған қоса, ақпараттық  кеңістіктің де әсері бар екенін білеміз. Көптеген кітаптар, фильмдер, телебағдарламалар мен интернеттегі контент ұзақ уақыт бойы орыс тілінде ұсынылды. Сол үшін де халыққа орыс тілінде ақпарат қабылдау жеңілірек әрі қолжетімді болды. Дегенмен, тілді таңдау – тек тарихтың ғана емес, адамның ортасы мен дағдысының да нәтижесі. Егер адам орыс тілінде сөйлейтін ортада өссе, сол тілде еркін сөйлеп кетуі табиғи құбылыс. Бүгінгі таңда жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Еліміз азаттыққа қол жеткізгеннен кейін, ана тілімізге деген қызығушылық артып,  оның мәртебесі нығая түсті.  Қазақ тіліндегі білім беру, медиа және контент саны көбейіп, жастар арасында ана тілінде сөйлеу жаңа үрдіске айналып жатыр.

 Қазір елімізде ресми статистика бойынша 71 пайыз қазақ бар. Бұл  14 млннан астам адам.  Контекст өзгергенімен, орыс тілінің монополиясы өзгерді ме? Білімде, экономикада, бизнесте доминант тіл қай тіл? Өкінішке қарай, орыс тілі. Ал осы мәселені шешу үшін біз не істей аламыз?

–  Қазақ тілі – ғылым тілі болғанда,  қазақ тілі сапалы контент аймағы болғанда,  қазақ тілінде бизнес өрбігенде, қазақ тіліне жаңа мән пайда болғанда ғана, ана тіліміз – жаңа деңгейге шығады, – дейді журналист, «Болашақ» бағдарламасының түлегі  Әлия Әшім. Иә, бұл пікірмен толық келісемін. Мәселенің тарихын ұғынған соң, оны шешу жолдарын қарастырып көрелік.  Қазақ тілін меңгеру бізге не үшін қажет? Ана тіліміздің мәдени және тарихи құндылығынан бөлек,  тек практикалық жағын алайық.  Қазақстанды біріктіретін ол – қазақ тілі. Қазақ тілі тек коммуникация құралы емес,  қазақ  қоғамының кепілдігіне айналған маңызды құрал. Ұлтаралық қатынас тілі де қазақ тілі болуы керек.  Осы мәселенің шешімі ретінде  қазір қазақ тілді контенттер көбейіп келеді. Сапалы контенттердің арқасында, қазақша меңгеруді үйрететін клубтар ашылды.  Қазақ тілінің деңгейін көтеру үшін, қазақ тілін біле тұра, сөйлеуге ұялатын адамдарды сөкпеу қажет. Керісінше, ана тіліміздің  қадірін түсіндірген абзал. 

Қазақ тілінің қадірін ұғынған адамға ақын-жазушылардың шығармалары – нағыз қазына. Өйткені біз тіліміздің  тереңдігін, байлығын ақын-жазушылардың шығармаларын оқу, жаттау  арқылы түсінеміз, бойымызға сіңіреміз. Ежелден-ақ ата-бабамыз табиғаттың әсемдігін, әр нәрсенің бет-бейнесін қазақ тілінің әдемі әрі  көркем сөздерімен жеткізе білген. Оған ұлы ақын Абайдың мына бір өлең шумақтары дәлел:

–       Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды, – деген өлең шумақтарында метафораны қолданып, астарлап теңеу арқылы қыс мезгілін көркем суреттеген.

–       Мойыл көз, момын көріктім,

Түсімде сені көріппін.

Толқыны долы теңіздей,

Желкенсіз желде желіктім.

Ботадай көзің мөлдіреп,

Сағынып жүрек елжіреп.

Өзіңді ғана өзіңді,

Тұрған-ай жаным көргім кеп, –  деп ғашығына деген сағынышын қазақ тілінің бай сөздерімен жеткізген. Байқасақ, тіліміз сондай көркем, әдемі. Біздің ана тіліміз – біздің қазақ екенімізді танытатын ұлттық кодымыз. Сол үшін әр қазақ «Мен қаншалықты өзімді қазақпын деп айта аламын?» деген сұрақты өзіне қоюы тиіс. Ол күнделікті қарапайым таңдаудан басталады. Ас мәзірін қарағанда, көлікте, дәмханада, арнайы жиындарда, телефондағы құрылғыларды таңдағанда орыс тілін емес, қазақ тілін таңдау – бір қарағанда аса бір маңызға ие болмағанымен, ол күнделікті қалыптасатын әдет. Әдеттің  жиырма бір күнде қалыптасатынын білеміз. Демек, бар жоғы жиырма бір күнде қазақ тілінде сөйлеуді әдетке айналдыруға болады.  Мұндағы мәселе қазақстандық әр азаматтың өз Отанына, ұлтына деген сүйіспеншілігінің өлшемінен басталады. Қазір қуантатыны жастар арасында қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны артуда. Қазақы нақыштағы бұйымдар, киімдер сәнге айналды. Бұл біздің ұлтымыздың басты қазынасы. Жазушылар қазақ тіліндегі комикстер мен мангаларды жарыса жазуда. Өйткені қазақ тіліне деген сұраныс күн сайын артуда.

Қорытындылай келе, біз орысша сөйлейміз, өйткені тарих пен қоғам бізді солай қалыптастырды. Бірақ  қазіргі таңда әрбір азаматтың өз тілін дамытуға, қазақша сөйлеуге толық мүмкіндігі бар. Тіл – ұлттың жаны, ал оны сақтау мен дамыту – әр қазақтың міндеті!

Жанерке САТЫБАЛДЫ.