
Ұлттың жаны – қазақ тілінің өткені мен бүгіні
Тіл – ұлттың жаны, рухы мен болмысының негізі. Әр халықтың тарихы мен мәдениеті, дүниетанымы мен салт-дәстүрі ең алдымен сол тілден басталады. Қазақ халқының көрнекті ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады». Сондықтан тіл тағдыры – ұлт тағдырымен тікелей байланысты. Бүгінде жаһандану дәуірінде қазақ тілінің жағдайы, оның қоғамдағы орны мен болашағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Біз күнделікті өмірде қай тілде сөйлесеміз? Балаларымызбен қай тілде тілдесеміз? Осындай қарапайым сұрақтардың жауабы тілдің болашағын анықтайтыны белгілі. Себебі тіл мәселесі тек мемлекеттің емес, ол – әр қазақтың күнделікті таңдауынан басталады емес пе?
Қазақ халқы үшін тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол ұлттың жаны, рухы, тарихы мен болмысының айнасы. «Өнер алды – қызыл тіл», – деп бағалаған ата-бабаларымыз сөздің қадірін терең түсінген. Алайда уақыт ағымымен бірге тілдің жағдайы да өзгеріске ұшырады. Бүгінде еліміздегі тіл мәселесі қоғамда жиі талқыланып, өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ тілі ғасырлар бойы қалыптасқан бай, көркем әрі терең мағыналы тіл. Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз үшін салт-дәстүр, дін, әдет-ғұрып маңызды болған. Сол кезеңде тіл тек ақпарат құралы ғана емес, тәрбие мен тәлімнің негізі болды. Жыраулар мен ақындар, шешендер мен билер халықтың рухани өмірін сөз арқылы жеткізе білген. Тіпті, сол тілдің құдыретімен жаудың бетін қайтарып, кейде сол ауыздан шыққан сөз үшін жауға да айналып отырған. Қазақтың шешендік өнері, мақал-мәтелдері, жыр-дастандары тілдің байлығын көрсетеді. Әрбір сөздің салмағы, астары, тәрбиелік мәні болды. Оған халық аузында жүрген мына бір мақал дәлел: «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», – деп сөздің тәрбие құралы екенін де айтқан. Адамның білімділігі мен мәдениеті оның сөз саптауынан танылатын. Сондықтан тілге деген құрмет жоғары деңгейде еді. Алайда ХХ ғасырдағы тарихи өзгерістер, әсіресе кеңестік кезең қазақ тілінің қолданыс аясын тарылтты. Орыс тілі мемлекеттік басқару, білім беру және ғылым салаларында үстемдік етті. Қазақ тілі көбіне тұрмыстық деңгейде ғана қолданылып қалды. Бұл жағдай тілдің дамуына белгілі бір дәрежеде кері әсер етті. Орыс тілі үстемдікке ие болып, көп қазақ ана тілінде еркін сөйлеуден алыстай бас-тады. Бұл мәселені ақындар да көтерді. Соның бірі көрнекті ақын Қадыр Мырза Әли:
«Ана – тілің арың бұл,
Ұятың болып тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – деп басқа тілдерді меңгеру маңызды болғанымен, өз тіліңді ұмытпау басты міндет екенін осы бір өлең шумақтары арқылы жеткізген. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Бұл – үлкен тарихи жетістік. Дегенмен, іс жүзінде қазақ тілінің қолданылу аясы әлі де толық кеңейді деп айту қиын. Осы орайда тілдік бірнеше мәселені қарастыруға болады.
Біріншіден, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі рөлі әлі де осал. Көптеген мемлекеттік мекемелер мен ірі компанияларда құжат айналымы орыс тілінде жүргізіледі. Бұл қазақ тілінің ресми тіл ретінде толыққанды қызмет атқаруына кедергі келтіреді.
Екіншіден, жастар арасында тілге деген қызығушылықтың төмендеуі байқалады. Әсіресе қалалық жерлерде қазақ тілінде ежіктеп, орысша еркін сөйлейтін жастар аз емес. Олар көбіне орыс немесе ағылшын тілдерін артық көреді. Бір жағынан жаһанданудың бір белгісі десек, екінші жағы тіліміздің жойылуына әкелуі мүмкін.
Үшіншіден, сапалы қазақ тіліндегі контенттің жетіспеушілігі де өзекті мәселе. Кино, сериал, әлеуметтік желі, ғылым мен білім саласында қазақ тіліндегі өнімдер жеткіліксіз немесе бәсекеге қабілетсіз. Нәтижесінде адамдар өзге тілдегі ақпаратты тұтынуға мәжбүр болады.
Төртіншіден, қазақ тілін үйрету әдістемесінің әлсіздігі байқалады. Кейбір мектептерде тіл оқыту формалды түрде өтеді. Қазақ тілін оқитын оқушылар үзілісте өзара орысша тілдеседі. Қазақ тілінің болашағы – бүгінгі қоғамның қолында. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін кешенді әрі нақты қадамдар қажет. Ең алдымен, қазақ тілінің мәртебесін іс жүзінде көтеру керек. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қазақ тілін міндетті түрде қолдану талаптарын күшейту қажет. Құжаттар, ресми жиындар, қызмет көрсету саласы толықтай қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Одан соң жастарға бағытталған сапалы қазақ тіліндегі контентті көбейту маңызды. Қазіргі заман талабына сай фильмдер, сериалдар, подкасттар, блогтар қазақ тілінде дамуы керек. Бұл тілдің тартымдылығын арттырып, оны күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырады. Білім беру жүйесінде де қазақ тілін оқыту әдісін жаңарту қажет. Тілді тек грамматика арқылы емес, практикалық тұрғыда, қызықты әрі интерактивті тәсілдермен үйрету керек. Оқушылар тілде еркін сөйлеп, ойларын жеткізе алатындай деңгейге жетуі тиіс. Отбасы институының рөлін күшейту қажет. Тіл ең алдымен үйде қалыптасады. Ата-аналар балаларымен қазақ тілінде сөйлесіп, ұлттық құндылықтарды сіңіруі керек. Сонымен қатар, қазақ тілін білуге экономикалық ынталандыру жасау да тиімді әдіс бола алады. Мысалы, жұмысқа қабылдау кезінде қазақ тілін меңгерген азаматтарға басымдық беру, жалақыға қосымша үстемақы қарастыру сияқты шаралар тілдің маңызын арттырады. Қазақ тілі өткеніміз ғана емес, болашағымыздың да негізі. Тіл жоғалса, ұлт та жоғалады деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан әрбір азамат ана тілінің дамуына үлес қосуы тиіс. Бүгінгі тіл мәселесі – тек мемлекеттік деңгейдегі мәселе емес, ол әрбір адамның жеке жауапкершілігі. Қазақ тілін сақтау мен дамыту – ортақ міндет. Егер біз тілімізді құрметтеп, оны күнделікті өмірде белсенді қолдансақ, қазақ тілі өзінің лайықты орнын алады. Болашақ ұрпаққа бай, көркем, дамыған тілді аманат ету – біздің басты парызымыз.
Жанерке
САТЫБАЛДЫ.
