Ұрпағы ұлықтаған Елеген батыр
Қазақ тарихында ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, елі мен жерін жаудан қорғаған жаужүрек батырлар көп. Әділ сарапшы – уақыт болса, ғасырлар бойы бүркемеленген талай шындықтың беті ашылып, тарих ел намысын ер намысына ұштастырған ерлерді іріктеп, сомдап шығарады.
ХІХ ғасырда Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыста елі үшін басын бәйгеге тіккен Сырым Датұлы, Исатай, Махамбет, Есет, Жанқожа, Иман, Баубек, Жәуке, Назарғұл батырлардың есімі тарих бетіне жазылды. Патша үкіметі қазақ елін отарлауды тереңдетуге 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы Устав», 1844 жылы «Орынбор қазақтарын басқару ережелері», 1867 жылы «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару уақытша ережесін» дайындап, реформалар жасады. Хандық билік жойылып, ресейлік басқару мекемелері ашылып, әскери бекіністер салына бастады.
1824 жылы Қарқаралы округінің құрылуы патша өкіметінің отарлау ісінің басталуы рөлін атқарды. Есіл өзені бойындағы жерлердің орыс-казак шаруаларына берілуі және алым-салықтың өсуі де көтерілістің өршуіне қатты әсер етті. 1827 және 1830 жылы майор Мингриев 200 әскермен келіп, Шұбыртпалы ауылы адамдарын өлтіріп, дүние-мүлкін тонап, бүкіл малын айдап кеткен еді. Туыстарынан, малынан айырылған азаматтар отаршылармен ашық соғыс майданына шыққан еді. Оругке қарасты Қарпық болыстығы қазақтарының қарулы жасақтары Саржан сұлтан басшылығымен округтік приказға, керуен жолдарына тұтқиылдан шабуыл жасап, жергілікті билікті әбігерге түсірді.
1826 жылы тамыз айында Ағыбай батыр қолы Қарқаралы бекінісіне шабуыл жасады. Көтеріліске Шет өңіріндегі Бесата жұртының Қашқынбай, Бодық, Баубек, Елеген сияқты батырлары да қатысты. Бұл көтерілісте отарлаушылар барымталаған мал қайтарылып, азапталып тұтқында жатқан адамдар азаттық алады. Өңірдегі отаршылдарға қарсы көтерілістерге Елеген Қонысбайұлының белсенді араласқаны еліміздің орталық мұрағатындағы Қарқаралы округі бойынша деректер мен ел есіндегі естеліктерден белгілі болды.
Елеген Қонысбайұлы 1808 жылы Қарабұлақта туған. Атасы Өмірзақ «батаменен ер көгереді» деген қағиданы тұмар қып, бала ел, жер танысын деп, оны белгілі адамдарға қосып, тәжірибе жинатқан. Ол ысылған сарбаздарға еріп жылқы күзетіне шығады, барымташыларға қарсы әрекет жасауға дағдыланады. Ат үстінен шоқпар сілтеуді, садақ атып, найза түйреп, қылыштасу тәсілдерін меңгерген Елеген 17 жаста жылқыны жауға алғызбайтын дәрежеге жетуіне орта да әсерін тигізген еді.
Талды өзені бойында Бұқар жырына іліккен Сеңкібай батыр мазары тұр. Нұра өзені бойында Жидебай батыр жатыр. Жасыл тулы Жарылғап батыр, Дерібсалы ел есінде сақталған. Ресей империясына қарсы қару көтерген Саржан осы Бұғылы бойында жыл жарымнан аса уақыт орда тігіп, елді күреске дайындаған. Кенесары үзеңгілесі Жанғұтты, Бәйсейіт, Дүйсенбай, Қара би, бөлесі Ағыбай қарулас болып келеді.
Ағыбай қолы 1826-1849 жылдары патша әскерлеріне күйрете соққы берген. Өңірінің баға жетпес символдық капиталы Кенесары бастаған ұлт-азаттық күресте Көпбай, Есберген, Сарбас, Ағыбай, Ботантай, Бөрімен бір қатарда болған Елеген Баянауладан Тайжан, Сейтен Азнабаевтармен, Сандыбай Шегіровпен бірлесіп, төңіректегі Есбай, Жәңгір, Адамбай, Тұрсынның көмегімен әскер жабдықтау, көтерілісшілердің мұқтаждықтарын шешуге жағдай жасауға көп атсалысқан.
Қазақ жасақтары Ресей империясы тірек орталықтары болған Қарқаралы, Ақмола, Ақтау, Екатеринбург бекіністеріне шабуыл жасап, Ырғыз, Тобыл бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында соққы бергені белгілі. Көтерісшілер 1838 жылдың жазында Ақтау қамалын алады. Орыстың оғы өтпес үшін қараған, тобылғыдан бума-бума оққағар дайындап, шабуылға шыққан қазақ қолы ашық далада айқас салып, садақ оғын жаудырып, бекініс ішінен өрт шығады. Өзен бойын өрлеп өскен қалың ағашты тасалап Наурызбайдың 50 шақты атты әскері, Ағыбай, Мәнжі, Елеген, Шөмшібай, Қашқынбайлар сұғынаенген. Бекіністің алынуы тәуелсіздікке деген ұмтылыстың бір белгісі.
ҚР Орталық мұрағат құжаттарындағы деректерде отаршылдыққа қарсы Ағыбай қолы 1824-1838 жылдары Қарқаралы, Ақтау, Ақмола бекіністеріне шабуыл жасаған. «1837-1844 жылдары патша шенеуніктерінің жасаған тізімінде Ағыбай батыр бастаған Қояншы-Тағай, Жалықпас, Надан Тобықты, Алтай, Темеш, Төлеңгіт, Керей, Кәрсөн-Керней, Шұбыртпалы, Қара-Айтымбет, Дүйсенбай-Шекшек, Байбөрі, Әлтеке Сарым руларының патшалық билікке қарсы шыққаны көрсетілген. Ақтау бекінісіне шабуыл жасаушылар Кәрсөн Кернейдің үлкен бөлігі» делінген. Елеген серіктерімен қудалауға ұшырап, бірер жыл Қаратау бойына кетуге де мәжбүр болған. Елеген Қонысбайұлы 20 маусым 1844 жылы Тобыл өзені сағасындағы Ұлқояқ бойында А.Жантөрин отрядымен қақтығыста жарақат та алған. Біраз уақыт жатып, Мергенбай емшінің көмегімен жазылған екен.
1847 жылы екатеринбургтік көпес Н.Ушаков малшы Батыр Бақасынның жерін 400 сомға жалдап, мыс кәсіпшілігін бастағанда Елеген бабамыз: «Жер ешкімге берілмейді» деген.
1849 жылы 25 мамырда Қоянды жәрмеңкесінде жігіттер арасында мергендік жайлы әңгіме көтеріледі. 40-тан жасы асқан Елеген келісілген 40 метр жерден садақпен күмәнданған адамның төбесіндегі бөрікті атып түсіреді. «Бөрікті атып түсірген батыр ма, әлде садақтың оғына кеудесін тосқан адам батыр ма?» деген сұрақпен биге жүгінгенде: «Оққа басыңды тосқан сен де, адам басындағы бөрікті атып түсірген Елеген де батыр» деп Ормамбет би екі жақты теңестірген екен.
1861 жылы Сазанбай ұрпақтары сауын айтып, Кенесары әскеріне жан-жақты көмек беріп отырған Есбайдың асын берген. Бұғылы тауы күншығысында Есбай асын өткізуде Байсейіт би бастап, Әділ, Кәдір, Есберген, Елеген, Ескене, Тәмамбайлар қызмет жасаған. Бүгінде онда Елеген өз елімен мекен еткен төбе, бұлақ та бар. Елекең жасы келіп, төбе үстінде отырып, өткенді еске алуды әдетке айналдырған екен. Ал жолшыбай өткен керуен тоқтап, сәлем беріп, батырға сыйын беріп кетіп отырған.
Тұлғаның ел санасында қалыптасқан бейнесі жылдар өтсе де өзгермейді. Елеген Қонысбайұлы – ХІХ ғасыр ортасында Ресей патшасы отаршыл саясатына қарсы қозғалыстарға белсенді араласқан тарихи тұлға. Ол саналы өмірін өз халқының болашағы жолына арнаған жан.
Ел ішінде Елекең айтты деген әңгіме, оның ерліктері жайлыаңыз көптеп кездеседі. Ол 1893 жылы сол жерде қайтыс болған. Шет ауданы Ақжол кентінің бір көшесіне батырдың есімін берген. 2026 жылдың тамыз айының 16 жұлдызында
«Бақ қондырып басына Алла береген,
Қайсар рухпен қалың елін демеген,
Ел аузында аты аңызға айналған
Даңқы асқан батыр бабам Елеген.
Жау қолында алдырмаған жолдасы,
Ақжал Қасқа айғыры – тұлпар еді ол да асыл.
Ерлігіне құрметіне бабамның
Ақжал кенті атанды өлке ордасы.
Туған жерге бақыт құсы орнасын,
Батыр бабам аруағы қолдасын» – деп Қарағанды облысы Шет ауданы Ақжал кентінде дүниеден өткен Керней, Шаң, Жар, Құтымбет, Өмірзақ, Қонысбай ұрпақтары руына бағыштап аят оқып, ақ дастарқан жайылып, ас беріледі. Елеген батыр әріптестерімен жас кезінде жау әскері бағытын қадағалап, қартайған шағында өткенді еске алып отыратын төбеге батыр ұрпағы Тілеубек Тұрбекұлы Сартаев бабасына ескерткіш орнатты.
Қазақтың сайын даласын қорғап, ұлтарақтай жерін де жаудың табанына таптатпаған қазақ батырларының ерен ерлігі тарихтан ойып тұрып орын алған. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен батырлар тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақталып, олардың өлмес рухы ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жетті. Енді ол бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік.
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
