
«Заң мен тәртіп» идеологиясы туралы пікір
«Заң мен тәртіп» – бұл жай ғана мемлекеттік ұстаным емес, ол қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің берік негізі. Заң үстемдік құрған жерде әділдік салтанат құрып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сенімді қорғалады. Ал тәртіп орныққан ортада қоғамдық келісім нығайып, адамдардың болашаққа деген сенімі артады.
Қай кезеңде болмасын елдің қуаты оның табиғи байлығымен ғана емес, азаматтарының заңға деген құрметімен өлшенген. Өйткені заңды сыйлау – мемлекетті сыйлау, ал қоғамдық тәртіпті сақтау – ортақ жауапкершілікті сезінудің айқын көрінісі. Әрбір азамат заң талаптарын мүлтіксіз орындап, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқанда ғана қауіпсіз әрі дамыған қоғам қалыптасады.
Бүгінде «Заң мен тәртіп» идеологиясы азаматтық мәдениеттің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашып отыр. Бұл қағидат жастардың бойында жауапкершілік пен адалдық қасиеттерін қалыптастырып, құқықтық сананың нығаюына ықпал етеді. Заңға бағыну қорқыныштан емес, саналы түсінік пен ішкі мәдениеттен туындағанда ғана қоғамда шынайы тәртіп орнығады.
Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты – әр адамның күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс құндылық. Өйткені заңға құрмет көрсетілген жерде әділет салтанат құрып, тәртіп орныққан жерде елдің болашағы жарқын болмақ. Бұл – қауіпсіз қоғам мен қуатты мемлекеттің басты кепілі.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мықыбаев Жұман Сембайұлы
