
ЖОЛДАУДЫ НАСИХАТТАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСТЫ
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек политехникалық колледжінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын кеңінен насихаттап, ондағы басым бағыттар мен негізгі міндеттерді жан-жақты түсіндіру мақсатында кездесу өтті.
Кездесуге білім саласының қызметкерлері, колледж ұжымы мен жоғары курс студенттері қатысты. Ақпараттық-түсіндіру тобы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына жан-жақты тоқталып, әр бағыттың стратегиялық міндеттері, оларды жүзеге асыру тетіктері мен қоғам өміріндегі маңызы туралы айтты.
Биыл мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдаудың басын «Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты» деп бастап, жан-жақты зерттеу мен талдау жүргізе отырып, өңірлердің инфрақұрылымын – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын, яғни әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салу және жаңғыртуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында барлық өңірде ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар мемлекет басшысы Жолдауда ел бірлігі мен қоғамдық келісімді, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, ұлттық қауіпсіздік пен егемендікті нығайту, көлік-логистика саласын дамыту, энергетикалық қауіпсіздік – электр энергиясының тапшылығын жою, инвестиция тарту, кәсіпкерлік, өнеркәсіп пен өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығын жаңғырту, цифрлық экономика мен жасанды интеллектіні дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру сынды мәселелерге тоқталғаны, ондағы міндеттер туралы жан-жақты баяндалды. Әрине, білім саласының қызметкерлері жиналып отырған кездесуде Жолдауда аталған салаға қатысты көтерілген мәселе мен алға қойылған міндеттер де назардан тыс қалмады.
Президент білім беру сапасын арттыру – білім беру жүйесін жетілдіру, мұғалімдердің беделін көтеру және білім алушыларға сапалы білім беру жағдайын жасау, адам капиталын дамыту үшін өскелең ұрпақтың білімін, қабілетін, кәсіби дағдыларын және шығармашылық әлеуетін арттыру қажеттігі турасында да өз Жолдауында жан-жақты айтты.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Жолдауды ақпараттық-түсіндіру тобы қатысушылармен әр бағытты талқылап, сұрақтарға жауап берді.
