+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

ЖҰМЫСҚА ЖАҢАША КӨЗҚАРАС


Биылғы жылы Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қоғам өміріндегі ең көп күткен саяси-әлеуметтік оқиғалардың біріне айналды. Оған дейін еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Оның үстіне, биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілуде.
Айта кету керек, стратегиялық құжаттың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» деп аталуының өзі көп нәрсені аңғартады. Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап, ауқымды әлеуметтік реформалар мен экономикалық бағдарламаларды жариялады, сондай-ақ сыртқы саясаттың басым бағыттарын белгіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет дамуының алдағы кезеңіне арналған нақты іс-қимыл жоспарын ұсынып қана қоймай, еліміздегі бүгінгі ахуалға да ашық баға берді.
Осы орайда Жолдауда айтылған негізгі басымдықтарға тоқталғым келеді. Атап айтқанда, Президент әлеуметтік инфрақұрылым мәселесіне ерекше назар аударып, халық үшін өмір сүруге қолайлы әрі сапалы жағдай қалыптастыру міндетін қойды. Мемлекет басшысы барлық өңірді қамтитын ауқымды құрылыс жұмыстарын бастауды ұсынды. Бұл ретте қалалар мен ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымды, жолдарды, сумен жабдықтау жүйелерін, білім беру және медицина нысандарын дамытуға басымдық беріліп отыр. 2029 жылға дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді.
Жолдауда инфляциямен күрес және бизнесті қолдау мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінді. Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу туралы ұсынысты қолдап, «…бизнеске кедергі жасамаса болғаны» деген нақты ұстанымын білдірді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстыратын Еуразиядағы маңызды логистикалық хаб ретінде нығайту бағытын айқындады. Бұдан бөлек, 2029 жылға қарай энергетикалық профицитке қол жеткізу, болашақ атом электр станциялары үшін уранның стратегиялық қорын қалыптастыру, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу сияқты маңызды міндеттер белгіленді. Мұның бәрі еліміздің даму перспективалары ұзақ жылдарға жоспарланғанын көрсетеді.
Өз кезегінде қазақстандықтар Президент айқындаған басым бағыттарды қолдады. Ал мемлекеттік органдар үшін бұл белгіленген міндеттерді нақты іске асыруға берілген тапсырма болды. Демек, барлық саладағы жұмыс түбегейлі жаңа форматқа көшіп, қатаң тәртіпті, бюрократиядан арылуды және азаматтар үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуді талап етеді.
Бір нәрсе анық: Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдаулар нақты іспен ұштасуы тиіс. Сонда ғана Мемлекет басшысы көтерген бастамалар әрбір өңірге жетіп, жолдар жөнделіп, жаңа мектептер мен амбулаториялар салынып, кәсіпкерлік қоғамдастыққа тиісті қолдау көрсетіледі.
Алтыншаш Мухаметнур
Қоғамдық келісім және даму орталығының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша филиалының басшысы