+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

5650 бала мектеп табалдырығын аттайды

Қоңыр күздің алғашқы күнімен бірге мектептерде тағы бір жаңа оқу жылы басталады. Бірі мектеп табалдырығын алғаш аттап, қолына гүл ұстап ұстазының алдынан өтсе, енді бірі жазғы демалыстан кейін сыныптастарымен қайта қауышады. Ата-ана үшін бұл күн – баласының білім жолындағы жаңа қадамы болса, ұстаз үшін үлкен жауапкершіліктің басталатын сәті.

Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сәйкес, биыл Еңбекшіқазақ ауданындағы 55 138 оқушы жаңа оқу жылын қарсы алады. Соның ішінде 5 650 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барады. Кеше ғана балабақшада жүрген бүлдіршіндердің енді қолына әліппе алып, білім әлеміне қадам басуы – әр отбасы үшін айтулы оқиға. Алғашқы қоңырау олар үшін жаңа достармен танысудың, жаңа білім алудың, арманға бастайтын үлкен жолдың бастамасы болмақ.

Өткен оқу жылы ауданның білім саласы үшін де нәтижелі болды. Былтыр мектепті 1 543 түлек аяқтап, олардың 1 022-сі білім грантының иегері атанды. Бұл – түлектердің жоғары білім алуға деген талпынысының және мектеп ұжымдарының жүйелі жұмысының нәтижесі.

Жастардың білімге ұмтылысы еліміздегі жоғары оқу орындарымен ғана шектелмейді. Өткен жылы ауданның 8 түлегі шетелдік оқу орындарына түсіп, білімін халықаралық деңгейде жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл көрсеткіш ауыл-аймақтағы жастардың да үлкен мақсат қойып, әлемдік білім кеңістігіне ұмтылып отырғанын аңғартады.

Бүгінде білімнің шекарасы кеңейді. Оқушының болашағы тек өзі тұратын елді мекенмен немесе ауданмен шектелмейді. Интернет пен заманауи технологиялар арқылы әлемнің үздік университеттері мен ғылыми ресурстарына жол ашық. Алайда сол мүмкіндікті пайдалану үшін ең алдымен мектеп қабырғасында сапалы білім алып, ізденуге деген құштарлық қалыптасуы қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, жаңа оқу жылының алдында тұрған басты міндет – тек оқушы санын көбейту емес, білім сапасын арттыру, әр баланың қабілетін ашу және оның болашақ мамандығына дұрыс бағыт беру. Өйткені бүгінгі бірінші сынып оқушысы бірнеше жылдан кейін мектеп бітіруші түлекке айналады. Оның қай жоғары оқу орнына түсетіні, қандай мамандықты таңдайтыны, ел дамуына қандай үлес қосатыны бүгінгі білім мен тәрбиенің сапасына тікелей байланысты.

Еңбекшіқазақ ауданындағы 55 мыңнан астам оқушының әрқайсының өз арманы бар. Бірі болашақта дәрігер болуды көздесе, бірі ұстаздықты, инженерлікті, ғылымды немесе шығармашылықты таңдайды. Сол арманның нақты мақсатқа айналуына мектептегі әр сабақтың, әр ұстаздың еңбегі ықпал етеді.

Білім күні – баланың қолына кітап ұстатып, мектепке шығарып салатын ғана мереке емес. Бұл – ұрпақтың болашағына деген сенім жаңаратын күн. Мектепке қадам басқан әр баланың артында отбасының үміті, ұстаздың еңбегі, қоғамның үлкен жауапкершілігі тұр.