
Тәуекел мен табандылықты
талап ететін жол
Кәсіпкерлік – үздіксіз дамуды талап ететін сала. Бизнес жүргізу тек табыс табумен шектелмейді. Оның артында дұрыс басқару, команда құру, адамдармен жұмыс істеу, нарықты түсіну және үнемі даму қажеттілігі тұр. Бұл туралы толығырақ бірнеше сауда үйі мен мейрамхананың жұмысын жүргізіп отырған жеке кәсіпкер Махаббат Мурзаманова айтып берді. Кәсіпкердің айтуынша, бизнесте нақты мақсат қоя білу, жағдайға қарай бейімделу және адамдармен ашық қарым-қатынас орнату аса маңызды.
«Бизнес – үнемі қозғалысты талап ететін сала. Бір компанияда тиімді болған басқару тәсілі екінші жерде дәл солай жұмыс істемеуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкер әр жағдайға бейімделе білуі керек», – дейді Махаббат Мурзаманова. Айтуынша, кәсіпкер ең алдымен тәуекелді өз мойнына алатын адам. Ол өз бизнесінің қаржысына, идеясына ғана емес, командасына да жауап береді. Қол астында істейтін адамдарға барынша ыңғайлы жұмыс пен жағдай жасау, уақытылы айлығын төлеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алайда, кәсіпкер кез келген істі жалғыз істей алмайтынын естен шығармаған жөн. Сондықтан бұл тұста ұжымның атқарар рөлі зор. Кәсіпкер проблемадан қашпайды, керісінше оны шешуді қажет ететін міндет ретінде қабылдайды. Нарықтағы өзгерістерді бақылап, жаңа мүмкіндіктерді іздейді. Ал ең маңыздысы – болашақты жоспарлай отырып, жағдай өзгерген кезде сол жоспарға түзету енгізе білу.
Айта кету керек, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда елімізде 2,36 млн шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40, 9 пайызды құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға жоғары. Статистикаға сүйенсек, елімізде кәсіпкерліктің тек жеке табыс көзі ғана емес, ел экономикасы мен жұмыспен қамтудың маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді.
«Кәсіпкердің ең маңызды қасиеттерінің бірі – икемділік. Біз белгілі бір жоспар құрамыз, бірақ нарық әрдайым сол жос-пар бойынша жүре бермейді. Сондықтан өзгерістерге дайын болу керек», – дейді кәсіпкер. Кәсіпкер үшін кәсіпкерлік пен басқару бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі бизнестің нәтижесі тек кәсіпкердің жеке еңбегіне емес, оның командасының жұмысына да тәуелді. Оның айтуынша, басшы ең алдымен қызметкерге тапсырманы нақты түсіндіре білуі қажет. Әр міндеттің мақсаты, күтілетін нәтижесі және орындалу мерзімі анық болғаны дұрыс. Сонымен бірге қызметкерге белгілі бір еркіндік беру де маңызды. Қызметкерге не істеу керектігін түсіндіру керек, ал оны қалай орындайтынын белгілі бір деңгейде өзіне қалдырған дұрыс. Адамға сенім білдірсеңіз, оның жауапкершілігі де артады», – дейді Махаббат Мурзаманова. Оның пікірінше, басшы жұмыстың әрбір ұсақ-түйегін бақылауға тырыспауы керек. Оның орнына алдын ала бақылау нүктелерін белгілеу тиімді. Бұл тәсіл қызметкерге де өз жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді. Бизнестің тұрақты дамуы үшін команда мүшелерінің мотивациясы маңызды. Кәсіпкердің айтуынша, қызметкерді тек жалақы арқылы ынталандыру жеткіліксіз. Адам өзінің еңбегінің бағаланатынын және компания үшін маңызды екенін сезінуі керек. Сондықтан басшы қызметкердің пікірін тыңдап, оның жетістігін атап, кәсіби дамуына мүмкіндік бергені жөн.
Кәсіпкерлікке қызығатын адамдардың алдында ең алдымен «Бизнесті неден бастау керек?» деген сұрақ тұрады. Махаббат Мурзаманова бизнес бастағысы келетін адамға ең алдымен өз идеясын нақты анықтап, нарықты зерттеуге кеңес береді. Бірінші кезекте қандай өнім немесе қызмет ұсынатыныңызды түсіну қажет. Одан кейін сол өнімнің кімге қажет екенін анықтап, мақсатты аудиторияны зерттеу керек. Бәсекелестерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Нарықта қандай ұсыныстар бар, олардың бағасы қандай, тұтынушылар нені бағалайды – осы сұрақтардың жауабы кәсіпкерге өз бағытын анықтауға көмектеседі. Одан кейін бизнес-жоспар құрып, шығындар мен болашақ кірістерді есептеу қажет. Кәсіп бастауға ниетті адамдардың бір бөлігі тәжірибесінің жоқтығынан қорқады. Алайда кәсіпкерлік жолда барлық нәрсені алдын ала білу мүмкін емес. Сондықтан кез келген кәсіпкер үнемі даму үстінде болуы керек. Кітап оқу, мақалалар мен сараптамалық материалдарды қарау, басқа кәсіпкерлердің тәжірибесін зерттеу маңызды. Бірақ тек оқып қана қою жеткіліксіз. Бір кезде алған біліміңді іске асырып, әрекет ету керек. Кәсіпкерлік қабілет те тәжірибе арқылы қалыптасады. Адам нақты іске араласқан кезде ғана өзінің күшті және әлсіз тұстарын түсіне бастайды. Ал кәсіпкер үшін болу үшін адамның бойында бірнеше қасиеттер болуы керек. Олардың қатарында көшбасшылық, табандылық, коммуникация, стресске төзімділік және икемділік бар. Кәсіпкер адамдармен үнемі жұмыс істейтіндіктен, өз ойын нақты жеткізе білу және өзгелерді тыңдау маңызды. Сонымен қатар кәсіпкер шешім қабылдаудан қорықпауы керек. Кейбір шешімдер тәуекелмен байланысты болғанымен, жауапкершілікті өз мойнына ала білу – бизнестің ажырамас бөлігі. Бұған қоса кәсіпкер маркетинг, қаржы, салық, менеджмент және нарықты талдау негіздерін түсінгені жөн деген ой қалыптастыруға болады. Бірнеше сауда үйі мен мейрамхананың жұмысын жүргізу Махаббат Мурзамановаға кәсіпкерліктің бір орында тұрмайтынын көрсетеді. Нарық өзгереді, тұтынушының талғамы өзгереді, жаңа технологиялар пайда болады. Сондықтан бизнес иесі де үнемі ізденісте болуы керек. Кәсіпкерліктің тағы бірмаңызды қыры – адамдармен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орната білу. Серіктестермен, қызметкерлермен және клиенттермен қалыптасқан сенім бизнестің дамуына әсер етеді. Сондықтан кәсіпкерлік тек қаржылық есептен тұрмайды. Оның негізінде адам, идея және қарым-қатынас бар. Кәсіпкер болғысы келетін адамға ең қиын нәрсе – алғашқы қадамды жасау болуы мүмкін. «Ақшам жеткіліксіз», «тәжірибем жоқ», «бәсекелестер көп» деген ойлар адамды тоқтатуы ықтимал. Алайда кез келген үлкен бизнес бір кездері шағын идеядан басталған. Мәселен әлемге әйгілі танымал кәсіпкерлердің бірі Tesla және SpaceX сияқты ірі компаниялардың негізін қалаушы Илон Маск, алғашында интернеттегі шағын жобалардан бастап, кейін жинаған тәжірибесі арқылы әлемге әйшілі компаниялардың негізін қалады. Осы тұста, әр нәрсенің өз уақыты бар екеніне де көзің жетеді. Кез келген сала алдымен үздіксіз еңбекті талап етеді, егер сол деңгейден өтсең, жасаған жұмысыңның нәтижесін көресің.
Махаббат Мурзаманованың кәсіпкерлік жолы бизнес жүргізудің тек қаржылық мақсатпен шектелмейтінін көрсетеді. Кәсіпкер болу – тәуекелге бару, жауапкершілікті өз мойнына алу, адамдармен жұмыс істеу және үнемі даму. Бизнесті бастау үшін мінсіз жағдайды күтудің қажеті жоқ. Ең маңыздысы нақты мақсат қойып, нарықты зерттеп, шағын қадамнан бастау. Кәсіпкерлік – дайын формуласы жоқ сала. Әр адамның өз жолы, өз тәжірибесі және өз қателіктері болады. Бірақ табандылық, еңбек, білім және өзгеріске бейімделу кез келген кәсіпкерге алға жылжуға мүмкіндік береді. Ал үлкен жетістік көбіне бір күнде келмейді. Ол күн сайын жасалған шағын қадамдардан, қабылданған шешімдерден және жинақталған тәжірибеден құралады.
Жанерке САТЫБАЛДЫ.
